"Тараз" циркі "Әлемге саяхат" театралды-цирктік спектаклін көрермен назарына ұсынды

"Тараз" циркі "Әлемге саяхат" театралды-цирктік спектаклін көрермен назарына ұсынды

К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртістері мен шығармашылық ұжымдарына арналған «ӨНЕРUP» сахна зертханасы жобасы өз жұмысын бастады. Аталған жоба аясында «Тараз» циркінің кәсіби деңгейін арттыру, сахналық мәдениетін жетілдіру, заманауи режиссуралық, орындаушылық және қойылымдық әдістерді меңгерту мақсатында 29 қаңтар мен 10 ақпан аралығында шеберлік сабақтары өткізілді.

 Жобаның қорытынды іс-шарасы ретінде 10 ақпан күні сағат 11:00-де Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында мектеп оқушыларына арналған «Әлемге саяхат» атты театралды-цирктік спектакль алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды.

 Шеберлік сабақтарына «Тараз» циркінің жетекшісі Айдын Альчикенов бастаған шығармашылық құрам қатысты. Атап айтқанда: сиқыршы-иллюзионист Талап Аубеков, жонглёр-виртуоздар «Аманат» триосы, «Шығыс фантазиясы» нөмірінің орындаушылары Дилана Жорабек, Сымбат Сенбек, Рахат Байтуллиев, акробаттар Мақсат Ишанқұлов, Саяжан Ишанқұлов, Данияр Байдаулетов, Азат Бейсен, Сағадат Жорабек, диабло өнерінің орындаушысы Рахат Байтуллиев, көгершіндер феериясы «Ақтолқын» дуэті, клоундар дуэті «Хайп» және «Лайк».

 Цирк ұжымының жаңа бағдарламасы көрерменін қуантты, ерекше эмоция сыйлады. Алдағы уақытта аталған бағдарламамен «Тараз» циркі Алматы, Қызылорда және Ақмола облыстарына өнер сапарына шығады.