Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ерекше форматта іс-шара өтті

Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ерекше форматта іс-шара өтті

«Жыр болып төгілген ақын мұрасы» атты театрландырылған поэзиялық кеш Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына орай Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен ерекше форматта өтті. Besh BQ мейрамханасында ұйымдастырылған бұл рухани кеш поэзия мен театрды, көрермен мен кейіпкерді бір кеңістікке тоғыстырған тағылымды шара болды.

Кеш барысында Мұқағали образындағы арнайы дайындалған кейіпкер қонақтар арасынан кенеттен шығып, ақынның жүрекжарды «Арыз» өлеңін оқып, көрерменді бірден поэзия әлеміне жетеледі. Мейрамханадағы әрбір үстелде отырған кейіпкерлер Мұқағалидің өмір жолын өлеңмен өрді: ақынның балалық шағына жетелейтін «Сағым» өлеңі оқылса, туған ауылына деген сағыныш «Бір әңгіме қозғашы, ауыл жайлы» жыры арқылы әсерлі жеткізілді. Көрініс барысында даяшылар арасынан оқылған «Махаббат монологы» келушілердің жүрегіне жол тауып, кештің эмоциялық шарықтау шегіне айналды. Ал мейрамханаға кірген екі дос арасындағы диалогта Мұқағали жырларымен өрілген «Қадірлі дос» өлең шумақтары көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп, залда жылы сүйіспеншілік пен құрмет сезімін орнатты.

Бұл театрландырылған поэзиялық кеш Мұқағали мұрасының мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, жырсүйер қауымға ұмытылмас рухани әсер сыйлады.