
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана өңірдің рухани мұрасын сақтау және инклюзивті әдеби ортаны дамыту бағытында маңызды жобаны жүзеге асыруда. Атап айтқанда, жергілікті ақын-жазушылар шығармаларын авторлардың өз дауыстарымен оқыған бірегей “Алтын қор” аудио жинағы қалыптастырылуда.
Жобаның басты мақсаты – өңір әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылық болмысын, табиғи үнін, рухани әлемін түпнұсқа күйінде сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу. Сонымен қатар бастама көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтардың әдеби туындыларға қолжетімділігін арттырып, ұлттық рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған.
Қазіргі таңда “Алтын қор” аудио жинағына қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері – Елен Әлімжан, Шырын Мамасерікова, Пернебай Дүйсенбин, Қайырбек Асанов, Айша Көпжасарова, Көсемәлі Сәттібайұлы, Баймаханбет Ахмет және өзге де өңір қаламгерлерінің шығармалары енгізілуде.
Аталған аудио қор – авторлардың шығармашылық мұрасын өз дауысы арқылы сақтайтын құнды рухани дереккөз. Жоба өңір әдебиетінің сабақтастығын қамтамасыз етіп, болашақ ұрпаққа өлшеусіз қазына қалдыруды көздейді.