Басқарма басшысы сала бойынша жыл қорытындысын баяндады

Басқарма басшысы сала бойынша жыл қорытындысын баяндады

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жүнісбай Ерлан Нұрманұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында жыл қорытындысы бойынша баяндама жасады.
Ол өз баяндамасында мәдениет ошақтары, кітапханалар, музейлер, ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру, сондай-ақ тіл саясатын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.


Айта кетейік, өңірде мәдениет және тілдерді дамыту саласында жоспарланған шаралар тұрақты әрі мақсатты түрде жүзеге асуда. Мәселен, 2025 жыл «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасымен басталды. Жоба аясында жыл басынан бері 22 кітап жарық көріп, бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.Сонымен бірге айрықша атап өтерлік жайт - «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында өңірде алғаш рет «Aulieata library» мобильді қосымшасы іске қосылды. Қосымшаға бүгінде Жамбыл өңірінен шыққан 109 қаламгердің шығармасы, жалпы саны 260 кітап енгізілген. Мобильді қосымша алдағы уақытта да жаңа шығармалармен толықтырыла бермек.

«Жыл соңын 5 қараша күні жарияланған «Асқақ рухты Әулиеата» республикалық әдеби-мәдени байқауының марапаттау рәсімімен және «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасының қорытынды іс-шарасымен аяқтаймыз», - деді Ерлан Нұрманұлы.

Жиын соңында А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрына «академиялық» мәртебе берілгендігі туралы қуанышты жаңалықпен бөлісті.