
Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2025 жылғы 2 желтоқсандағы №1032 қаулысымен Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрына "академиялық" мәртебе берілді.
Биыл ұлттық театр өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, бай шежіресі мен терең тарихы бар театр өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Сондай-ақ, сахна өнерінің негізін қалаушылардың бірі, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, актер, профессор, Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпановтың 110 жылдығы да кең көлемде аталып өтті.
Айта кетсек, Жамбыл облыстық қазақ драма театрының алғашқы шымылдығы 1936 жылдың 16 наурызында Бейімбет Майлиннің «Келін мен шешей» және театрдың тұңғыш директоры Қ. Қырқымбаевтың «Келіншек» атты бір бөлімді комедияларымен ашылған.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 ақпандағы №70 қаулысымен театрға қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер, қазақ театр педагогикасының негізін қалаушы, актер, ұлағатты ұстаз, профессор, Қазақстанның халық әртісі Асқар Тоқпановтың есімі берілген болатын.
Театр ұжымын жаңа мәртебесімен шын жүректен құттықтаймыз! Шығармашылық биіктер мен жаңа белестер тілейміз!