
Жамбыл облысының жас айтыскер ақыны Інжу Жаңабай Астана қаласында өткен «Қола домбыра – 2025» республикалық жас ақындар айтысында топ жарып, бас жүлдеге ие болды.
Жас талантты және Інжуді талай аламан айтысқа дайындаған ұстазы Есет Досалыны туған жеріндегі Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ұжымы зор қуанышпен қарсы алды. Орталық директоры, айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков және белгілі айтыскерлер Айтмұхамбет Исақов пен Ербол Қамбатыров жеңімпазға шығармашылық табыс тілеп, өнер жолындағы жетістігімен құттықтады.
Айтыс ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «El Umiti» қоры, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірлесуімен «Жасанды интеллект дәуіріндегі жасампаз жастар» тақырыбында ұйымдастырылды.
Бұл дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен іріктеуден өткен 10–18 жас аралығындағы 22 жас айтыскер қатысып, суырыпсалма өнердегі шеберліктерін сынға салды.
Нәтижесінде, Жамбыл облысының намысын қорғаған Інжу Жаңабай ерекше тапқырлығымен, ой ұшқырлығымен және сахна мәдениетімен көзге түсіп, көптің ықыласына бөленді. Қазылар шешімімен ол «Қола домбыра» жүлдесінің иегері атанды.
Сондай-ақ, жас ақынның жетістігі мұнымен шектелмейді. Ақмола облысы, Щучинск қаласында өткен дәстүрлі «Ақберен» республикалық өнер байқауында да Інжу Жаңабай «Ақындар айтысы» номинациясы бойынша I дәрежелі дипломмен марапатталды.
Байқау үш кезеңнен – аудандық, аймақтық және республикалық турлардан тұрды. Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, өз өңірлерінің намысын лайықты қорғады.
Жамбылдық оқушылардың жалпы көрсеткіші де жоғары болды. Олар бірнеше номинация бойынша үздік нәтиже көрсетіп, Жамбыл облысы жалпыкомандалық есепте бірінші орын мен бас жүлдені иеленді.