
Тараз қаласында Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының 85 жылдығына орай «Цифрлы қоғам және кітапхана» атты республикалық кітапханашылар конференциясы өтті.
Кітапхана ісіндегі заманауи үрдістер, цифрландыру дәуіріндегі жаңа мүмкіндіктер мен инновациялық тәжірибелер талқыланған бұл кәсіби алаңға еліміздің 10 өңірінен 300-ден астам кітапханашы жиналды.
Конференцияның ашылуы А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры актерлерінің «Тараз шайырлары» атты театрландырылған прологымен басталды. Іс-шара барысында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов құттықтау сөз сөйлеп, кітапхана ісінің дамуына үлес қосқан бірқатар сала мамандарын марапаттады.
Конференция жұмысына облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай модераторлық етті. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенова, Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасының директоры Зәуре Айтуарова, Түркістан облыстық Фараб кітапханасының директорының орынбасары Шахмира Байжігітова өз баяндамаларында кітапхана қызметіндегі жаңа технологияларды енгізу және IT-шешімдерді қолдану тәжірибесімен бөлісті.
Конференцияның пленарлық отырысы «Заманауи кітапхана: дамудың перспективалы үлгілері» тақырыбында жалғасып, жаңа буын кітапханаларын жаңғырту бағыттары сөз болды.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің кітапханалық-ақпараттық орталығының директоры, «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары кітапханалары қауымдастығының» президенті Гүлжан Иржанова «Жаңа жағдайдағы жоғары білім: академиялық кітапханаларға қойылатын талаптар» тақырыбында баяндама жасап, барлық кітапханаларды цифрлық жүйеге көшірудің маңыздылығын атап өтті.
Конференцияның екінші бөлігі Жамбыл аудандық орталық кітапханасында жалғасты. Мұнда қатысушылар секциялық отырыстарда тәжірибе алмасып, өзара кәсіби пікір алмасты.
Секциялар келесі бағыттар бойынша өтті:
- «Кітапханалық менеджмент және мамандар ресурсын дамыту» (арт-менеджмент алаңы);
- «Ұлттық мәдени сұраныстар мен талаптарды қанағаттандыру жолындағы кітапхана қызметі» (table talk алаңы);
- «Кітапхана — шығармашылық пен жаңартпалар алаңы» (өлкетанулық synergeia әдістемелік кейс алаңы).
Аталған алаңдарға Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова, Алматы облыстық кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева және Батыс Қазақстан облыстық кітапханасы директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова модераторлық етті.
Бір күн бойы өткен мазмұнды жиын кәсіби тәжірибе мен жаңа идеялар алаңына айналып, кітапхана саласындағы өзекті мәселелер мен даму бағыттарын айқындаумен қорытындыланды.