
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті тіл саясатын дамыту және оны мемлекеттік органдарда кеңінен қолдануды қамтамасыз ету мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай мен Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы Азиз Әлиев қол қойды.
Меморандумның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, сот жүйесінде іс жүргізудің және қызметкерлердің тіл мәдениетін жетілдіру бағытында өзара ынтымақтастықты нығайту.
Ынтымақтастық аясында басқарма тарапынан мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге бағытталған семинарлар, тренингтер мен дөңгелек үстелдер өткізу, соттардағы іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу тәжірибесін жетілдіру мақсатында әдістемелік қолдау көрсету және тәжірибе алмасу көзделген. Сондай-ақ судьялар мен сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыруға арналған курстар ұйымдастыру, мемлекеттік тілде дайындалатын құжаттардың сапасын арттыру және құқықтық терминологияны біріздендіру бағытында кеңес беру жоспарлануда.
Қол қою рәсімінен кейін тараптар сот ғимаратындағы арнайы аудиторияда өткен “Таныстырылым” сабағына қатысты. Басқарма басшысы Ерлан Нұрманұлы сабаққа қатысушыларға сәттілік тілеп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін атап өтті.