
Биыл Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының 90 жылдығы және қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, ұстаз, ұлы тұлға – Асқар Тоқпановтың 110 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Осыған орай Таразда республикалық театр фестивалі ұйымдастырылды.
Іс-шара басталмас бұрын театр ұжымдары мен әртістер қызыл кілемнен өтіп, өнердің мерейін асырды. Шара барысында қатысушылар қазақ театр өнерінің корифейі - Асқар Тоқпановтың ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Өнер мерекесінің ашылу салтнатына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев,КСРО және Қазақстанның халық әртісі, театр және кино өнерінің майталманы Асанәлі Әшімов, сондай-ақ өнертану ғылымының кандидаты, театр және кино актері, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Әл-Тарази қатысып, Асқар Тоқпановтың ұстаздық және шығармашылық болмысы жайында естеліктерімен бөлісті.
Республикалық театр фестиваліне еліміздің әр өңірінен алты театр қатысты. Олардың қатарында С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау театры, Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры, Р.Сейтметов атындағы Түркістан театры, Қ.Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры және қонақжай Тараздың мақтанышы – Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры бар.
Фестиваль барысында көрермен еліміздің әр өңірінен келген театрлардың таңдаулы қойылымдарын тамашалады. Қазылар алқасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов, белгілі режиссерлер Қуандық Қасымов пен Бақыт Нұрпейіс, театртанушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Меруерт Жақсылықова сынды өнер майталмандары болды.
Номинациялар бойынша жеңімпаздар:
Фестивальді қорытындылай келе, Еркін Жуасбек театр ұжымдарының кәсіби деңгейіне жоғары баға беріп, бұл басқосудың еліміздегі театр өнерінің жаңа тынысын ашқан маңызды мәдени оқиға болғанын атап өтті.