Кітап оқы, арманға ұмтыл: ең үздік оқырмандар марапатталды

Кітап оқы, арманға ұмтыл: ең үздік оқырмандар марапатталды

Д.А. Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Әулиеата – кітап оқитын өңір» республикалық кітап оқу акциясы аясында «Кітап оқы – арманға ұмтыл!» атты марапаттау рәсімі өтті. Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып, оқу мәдениетін қалыптастыру және үздік оқырмандарды ынталандыру болды.

Іс-шара барысында жыл басынан бері кітапхана қорындағы ең көп кітапты оқыған белсенді оқырмандар анықталып, марапат төрінен табылды. Қатысушылар сүйікті шығармалары жайлы әсерлерімен бөлісіп, кітаптың адам өміріндегі маңызы туралы өз ойларын ортаға салды.

Жыл үздіктері қатарында Тараз қаласының мектеп оқушылары Дулат Қасымов, Жібек Бекжанқызы, Алинұр Әбсат және Айзере Серік ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Ал Нұрсұлтан Жаңабай мен Айзере Шәмен «Зерделі жас» номинациясымен, Ақерке Қали мен Айлин Болат «Кітапхананың мақтанышы» аталымымен марапатталды. Ең көп кітап оқыған Айша Рахымберді «Жыл оқырманы» атанып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Барлық қатысушыларға сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.

Салтанатты жиынға Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева, журналист, сатирик-ақын Бақытжан Советұлы, балалар жазушысы, республикалық «Еңбекші» газетінің бас редакторы Марат Құлибайұлы, филолог, журналист, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали және облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі Қамар Қарасаева арнайы қатысып, жас оқырмандарға ақ тілектерін білдірді.

Кеш көрермендеріне мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясындағы «Smart» және «Қарақат» өнер мектептерінің талантты үйірме оқушылары ән мен би шашуын тарту етті. Сондай-ақ кітапханашылар қатысушыларға арналған мазмұнды кітап көрмесіне шолу жасады.