«Киелі мекен»: өнер мен рух тоғысқан көрменің ашылу салтанаты өтті

«Киелі мекен»: өнер мен рух тоғысқан көрменің ашылу салтанаты өтті

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің Көркемсурет галереясында ҚР Мәдениет саласының үздігі, талантты мүсінші және карикатурашы Қали Қораласбаевтың «Киелі мекен» атты жеке шығармашылық көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Іс-шара 25 қазан – Республика күніне, Шу ауданының 95 жылдығына және суретшінің 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Көрменің ашылу рәсіміне Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай қатысып, ақжарма тілегін жеткізді. Сондай-ақ, өнер иесіне Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің алғыс хатын табыстап, иығына шапан жапты. Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков те жылы лебізін білдіріп, мерейтой иесіне сый-сыяпат ұсынды.

Кеш аясында мүсінші Қали Ерғазыұлының «Qali» атты шығармашылық жинағының тұсаукесері өтті. Жинаққа автордың кескіндеме, графика, мүсін және карикатура жанрларындағы таңдаулы еңбектері енген.

«Киелі мекен» көрмесінің негізгі мақсаты – қазақ бейнелеу өнері мен рухани құндылықтарын дәріптеу, мәдениет пен тарих арқылы тұлғаның дүниетанымын кеңейту, туған жердің тарихи-рухани мұрасын насихаттау.

Көрмеге суретшінің әртүрлі техникада салынған 100-ден астам туындысы қойылған.

Қали Қораласбаевтың шығармашылығымен танысып, өнердің қуатын сезінгісі келетін жандарды 17-31 қазан аралығында Көркемсурет галереясына келіп тамашалауға шақырамыз!