БАҚ ПЕН БАП ҚАТАР ШАПТЫ

БАҚ ПЕН БАП ҚАТАР  ШАПТЫ

Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында 2020 жылғы 28-30 қыркүйек аралығында мəдениет жəне өнер қызметкерлерінің «Рухани қазына» республикалық фестивалі дәстүрлі түрде жалғасын тапты. Елімізде жарияланған пандемияға байланысты онлайн түрде ұйымдастырылған шараға әр өңірдің кітапхана, музей, мәдениет үйлері мен клубтарының қызметкерлері және «Халықтық» атағы бар ұжымдар қатысып, өз бақтарын сынады.

Бүгінгі күні айтулы фестивальдің нəтижесінде Нұр-Сұлтан қаласында марапаттау рәсімі ұйымдастырылып, жеңімпаздарға құрмет көрсетілді. Тағайындалған 50-ге жуық номинациядан әулиеаталықтар да құр қалмады. Жамбыл ауданы Айшабибі ауылдық кітапханасы «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана» номинациясын жеңіп алып, кітапхана меңгерушісі Мусыралиева Сәуле ‪1000000 теңгенің сертификаты, жеңімпаз дипломы мен "Рухани қазына-2020" статуэткасымен марапатталды.

Сарысу аудандық мәдениет үйінің «Айжанқыз» халықтық би ұжымының жетекшісі Күләш Жангелдіқызы Байтұрсынова «Шара Жиенқұлова атындағы арнайы жүлдемен» марапатталып, 500 000 теңгелік сертификат,арнайы диплом және "Рухани қазына-2020" статуэткасы табыс етілді.