А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында 90-шы жаңа маусымның шымылдығы түрілді.
Салтанатты шараға Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай қатысып, театр ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
“Биылғы маусымның ашылуы ерекше деп ойлаймын. Өйткені, бұл маусым қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармасынан сахналанған қойылыммен бастау алмақ. Театр ұжымына шығармашылық табыс тілеймін. Ұжым көрерменін тың дүниелермен қуантады деген сенімдемін”, – деді Ерлан Нұрманұлы.
Кеш барысында сахна саңлақтары – театрдың ардагер актерлері қызыл кілеммен жүріп өтіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Биылғы жыл театр үшін айрықша мәнге ие. Өнер ордасы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтумен қатар, қазақ театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Асқар Тоқпановтың 110 жылдығын да қарсы алмақ. Осыған орай қазан айында республикалық театр фестивалі ұйымдастырылады.
Бұл туралы жаңа маусым ашылуына орай өткен баспасөз конференциясында театр директоры Ақылдос Тәжиев хабарлады.