«ӘЛИЯ – ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ ҚЫЗЫ» ӘСКЕРИ ДРАМАСЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

«ӘЛИЯ – ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ ҚЫЗЫ» ӘСКЕРИ ДРАМАСЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Жамбыл облыстық орыс драма театрында Игорь Сединнің «Әлия – қазақ даласының қызы» атты әскери драмасының тұсауы кесілді. Музыкалық-драмалық «соғыс балладасы» ретінде сахналанған қойылым Кеңес Одағының батыры, мерген қыз – Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігіне арналған.

Сахнадағы оқиға басты кейіпкердің ішкі жан дүниесі арқылы өрбиді: балалық шақ естеліктері, майданға жол, соғыс даласындағы ауыр күндер мен сынақтар. Қойылымда тек қана шайқас көріністері емес, Әлияның рухы, қайсарлығы және Отан үшін төленген жеке адамның бағасы айрықша көрініс тапқан. Режиссура лирикалық-героикалық бағытта жасалып, спектакльді әрі әсерлі, әрі тарихи тұрғыдан маңызы зор туындыға айналдырды.

Қоюшы-режиссер - Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, Марина Просалович. Сценограф - Владимир Сизинцев. Шығармашылық топ сахналық шешімді жарық пен көлеңкенің контрастына және минималистік декорацияға құрып, көрермен назарын кейіпкердің ішкі толғаныстары мен тарихи оқиғалардың шынайылығына аударуды мақсат еткен.

Тараздық көрермен қойылымды ерекше ықыласпен қабылдап, актерлердің шынайы ойынын және режиссердің материалға деген жауапты әрі терең көзқарасын атап өтті. Қойылым соңы ұзақ қол шапалақпен түйінделіп, көрермен талқылауы батырлық пен ерлікке тағзым етудің әлі де өзекті екенін көрсетті.