ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕР АРАСЫНДА «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ТӘУЕЛСІЗДІК СИМВОЛЫ» ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕР АРАСЫНДА «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ТӘУЕЛСІЗДІК СИМВОЛЫ» ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» ұйымдастыруымен 2025 жылғы 26 тамыз күні Тараз қаласында өзге ұлт өкілдері арасындағы «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты облыстық байқау өтті.

Аталған байқау мемлекеттік тілді жетік меңгерген әскери қызметшілер арасында өткізілді. Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін нығайту және ұлттық құндылықтарды насихаттау.

Байқау төрт кезеңнен тұрды:
Таныстыру – қатысушылар «Біз мемлекеттік тілді дамытуға қандай үлес қосудамыз?» тақырыбында өздерін таныстырып, мемлекеттік тілге қатысты ұстанымдарын жеткізді.
«Сөздің көркі» – үміткерлер білім, өнер, мәдениет тақырыптарында мақал-мәтелдер айтып, тілдік қорларын көрсетті.
«Ой ұшқыны» – берілген тақырыптар бойынша өз ойларын ортаға салып, еркін пікір білдірді.
«Ұшқыр сұрақ – ұтқыр жауап» – қатысушылар 1 минут ішінде қойылған сұрақтарға шапшаң әрі нақты жауап берді.

Байқауға қатысушылар қазақ тілін еркін меңгергендерін көрсетіп, шешен сөйлеу, логикалық ойлау, мәдени таным бойынша білімдерін паш етті. Әскери қызметшілердің тілді құрметтеуі мен мемлекеттік тілге деген ынтасы әр кезеңде айқын көрінді.

Мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдерін анықтауда Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы – Молдабекова Нұрбану Оңғарбекқызы, белгілі әнші, киноактер – Семыкин Сергей Владимирович, Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназияның педагогы, көркемсөз оқу шебері, Абай оқулар облыстық байқауының Бас жүлдегері – Нұрланов Ерлан Керімжанұлы қазылар алқасында болып, қатысушыларға бағасын берді.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді:
І орын – Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы 81067 әскери бөлімінің әскери оркестр старшинасы Кудратилла Үтепов, ІІ орын – Жамбыл облыстық шекара басқармасының офицері Еркут Палтушев, ІІІ орын – Жамбыл облыстық шекара басқармасының консультанты Фархаджан Суюнбаев.

Шара соңында қатысушылар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындап, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет білдірді. Бұл байқау өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген ықыласын арттырып қана қоймай, патриоттық рухты нығайтуға да серпін берді. Байқауда І орынды иеленген Кудраттила Үтепов қазан айында Шымкент қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.