Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жүнісбай Ерлан Нұрманұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Өңірдегі мәдениет және тілдерді дамыту саласында 2025 жылдың I жартыжылдығында атқарылған жұмыстар» тақырыбында брифинг өткізді.
Басқарма басшысы Ерлан Нұрманұлы өз баяндамасында мәдениет ошақтары, кітапханалар, музейлер мен ескерткіштерді дамыту, сондай-ақ тіл саясатын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
2025 жылдың басы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасымен ашылды. 28 ақпан күні дәстүрлі «Жамбыл - менің жай атым, халық - менің шын атым» республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. 16-17 сәуірде Ұлттық кітап күніне орай «Кітап – ұлттық құндылық» Aulieata Book республикалық кітап фестивалі өтіп, оған 16 баспа, кітап дүкендері мен арнайы қонақтар қатысты.
9 мамырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Бауыржан Момышұлы» музейі салтанатты түрде ашылды.
Тілдерді дамыту бағыты бойынша биылғы алты айда 25 іс-шара ұйымдастырылып, 4 420 адам қамтылды. Іс-шаралар мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге және оның этносаралық қатынас тілі ретіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталды.
Жиын соңында Ерлан Жүнісбай жыл соңына дейін жүзеге асырылатын ауқымды жоспарлар мен мәдени-рухани шаралар жөнінде де баяндады.