Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиұлы мен мекеме қызметкерлері Мойынқұм ауданында Қазақ хандығы ту тіккен аймақты анықтауға бағытталған археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысымен танысып, мекеме тарапынан бақылау жұмыстарын жүргізді.
Экспедициялық жұмыстары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Елеуов Мадияр Елеуұлы мен ҚР ҰҒА ҒМ Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Талеев Дөкей Әбдікерімұлының жетекшілігімен жүргізілуде.
Ғылыми экспедиция жұмыстары барысында Шу өзенінің төменгі ағысында орналасқан Керейдің қыстағы, Қойшыман, Шар, Үлкен-Ақтөбе, Орта-Ақтөбе, Аяқ-Ақтөбе және Бала-Ақтөбе ортағасырлық қалажұрттар мен елді мекендерге археологиялық зерттеу жүргізіліп, бұл елді мекендер мен қалажұрттардың Қазақ хандығының алғашқы кезеңінде маңызды рөл атқарғаны анықталуда.
Қазба жұмыстары барысында табылған археологиялық жәдігерлер мен құрылыс орындары бұл аумақтардың XV ғасырда, яғни Қазақ хандығының құрылған кезеңінде өмір сүргенін және сол дәуірдегі мемлекеттік құрылымға қызмет еткенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп отыр.