
Көрнекті қаламгер, ардагер тележурналист Бекет Момынқұлдың мерейлі 70 жасы кең көлемде аталып өтті.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, танымал журналист, өңірлік журналистиканың ақсақалы Бекет Момынқұлдың 70 жас мерейтойы Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұйытқы болуымен салтанатты түрде аталып өтті. Қаламы өткір, сөзі – шындықтың айнасы болған ардагердің бұл мерекесі – руханиятқа, тележурналистика мен әдебиетке сіңірген еңбегінің халық алдындағы зор бағасы болды.
Мерейтойлық іс-шара жазушының шығармашылық жолын қамтыған фотокөрмені тамашалаудан басталды. Онда Бекет Момынқұлдың әр жылдардағы өмір белестері мен еңбектері фотожинақ арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар жүргізуші мерейтой иесінің өнегелі өмірі жайлы салтанатты сөз сөйледі. Бұдан соң «Өмір жолы – өнеге» атты бөлімде арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді.
Сахна төрінде Бекет Момынқұлмен жүргізілген сұхбат барысында қаламгер журналистикаға келу жолы, Жамбыл телеарнасындағы алғашқы күндері, Шерхан Мұртазамен шығармашылық байланысы, қоғам мен жастар жайлы ой-толғамдарымен бөлісті. Сонымен қатар шәкірт тәрбиелеудегі өзіндік тәжірибесі де ортаға салынды.
Шара барысында қоғам және қаламгерлік ортада абыройлы азаматтардың жылы лебіздері айтылды. Олардың ішінде Ардагер журналист Асқарбек Сейілхан, Медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Сағындық Ордабек бар. Ал журналист, ақын Нұржан Қадірәлі мерейтой иесіне арнаған жүрекжарды арнауын оқып, кеш шырайын аша түсті.
Мерекелік әдеби кеште Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов арнайы келіп, облыс әкімінің құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жапты. Сонымен қатар Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай да арнайы қатысты.
Аталмыш шара барысында Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының Жамбыл облыстық филиалдары, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесі, мәдениет басқармасы мен аудан делегациялары, Жамбыл телеарнасы, Aulieata Media ұжымы, «Знамя труда» редакциясы және шәкірттері тарапынан да жүрекжарды құттықтаулар айтылып, естеліктер ортаға салынды.
Шәкірттері атынан ардагердің жұбайы мен дәрігеріне гүл шоқтары табысталып, құрмет көрсетілді.
Сондай-ақ мерейтой барысында Бекет Момынқұлдың жаңа еңбегі – «Момышұлы әлемі» кітабының таныстырылымы өтті. Бұл шығарма – жазушының ел мен ер, тәрбие мен тағылым туралы ой-толғамдарын қамтыған терең дүниесі. Аталған кітапты алтын сандықтан облыстың зиялы қауым өкілдері – Серік Сәлемов бастаған, Жаңабай Миллионов және Хамит Есаман салтанатты түрде алып таныстырды.