Екі күндік шабыт пен серпін: Креаторлар форумының екінші күні өтті

Екі күндік шабыт пен серпін: Креаторлар форумының екінші күні өтті

Жамбыл облысында шығармашылық кәсіп иелерін біріктіретін маңызды диалог алаңы — Креаторлар форумының екінші күні табысты жалғасын тапты. Форум аясында креативті индустрия өкілдері мен сарапшылар өзара тәжірибе алмасып, саланың болашағына қатысты тың бастамаларды ортаға салды.

Форум шеңберінде креативті индустрияны дамыту бағытындағы ауқымды қадам — «Қолөнершілер үйі» креативті хабының ашылуы жүзеге асты. Бұл алаң өңірлік креаторлар мен шеберлердің кәсіби дамуына, коммерциялық мүмкіндіктерін кеңейтуге және жастармен тәжірибе бөлісуге жол ашады.

Форум жұмысына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, «Алматы қолөнер палатасы» ҚҚ вице-президенті Динара Жанашева, халықаралық дизайнер, Азия-Тынық мұхиты өңірі бойынша Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің вице-президенті Айдархан Қалиев, сондай-ақ креативті кәсіпкерлік пен қолөнер саласының үздік өкілдері қатысты.

Олар мазмұнды баяндамалар жасап, шығармашылық саланың өзекті мәселелерін талқылады. Шара соңында шеберлік сағаттарына белсенді қатысқан шығармашылық сала өкілдеріне арнайы сертификаттар берілді. Ал шеберлік сағаттарын өткізген қолөнершілерге Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдың атынан алғыс хаттар табысталды.

Креаторлар форумы — Жамбыл өңіріндегі шығармашылық әлеуетті біріктіретін, жаңа идеялар мен серіктестіктерге серпін беретін маңызды платформа.