КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ ДАМУЫНА СЕРПІН: ҚОЛӨНЕРШІЛЕРГЕ ШЕБЕРЛІК САБАҚТАРЫ ӨТТІ

КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ ДАМУЫНА СЕРПІН: ҚОЛӨНЕРШІЛЕРГЕ ШЕБЕРЛІК САБАҚТАРЫ ӨТТІ

27-28 мамыр күндері Тараз қаласында креативті индустрияны дамытуға бағытталған ауқымды іс-шаралар өтеді. Шара аясында «Қолөнершілер үйі» креативті хабының салтанатты ашылуы мен креативті мамандарға арналған акселерациялық оқыту бағдарламасы жүзеге асырылады.

Іс-шараның алғашқы күні – 27 мамырда, «Аспара» колледжінің базасында қолданбалы өнер бағытында шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қатысушылар «Керамикалық бұйымдар», «Киізден жасалған бұйымдар өндірісі» және «Былғары бұйымдарының өндірісі» бағыттары бойынша тәжірибелік дәрістер мен практикалық жаттығуларға қатысты.

Шеберлік сабақтарын өз саласында танымал әрі тәжірибелі мамандар – Дәулет Дәркенбайұлы, Наталья Лемешко және Оксана Кокасенко өткізді. Олар өздерінің авторлық әдістемелерімен бөлісіп, қатысушыларға қолөнердің қыр-сырын үйретті.

Айта кету керек, бұл шараға қатысқан тыңдаушыларға Алматы Қолөнер палатасы атынан арнайы сертификаттар табысталады. Бұл құжаттар олардың болашақ шығармашылық жолына серпін беріп, кәсіби дағдыларын әрі қарай дамытуына мүмкіндік ашпақ.