Жаңа оқу жылы қарсаңында Жамбыл облысында мектеп табалдырығын алғаш рет аттайтын бүлдіршіндердің қатары жылдағыдан да артып отыр. Білім басқармасының мәліметінше, 2025-2026 оқу жылында облыс бойынша 1-сыныпқа шамамен 19213 бала қабылданады деп жоспарлануда. Бұл – өңір үшін маңызды көрсеткіш, себебі дәл осы сандағы балалар алғаш рет ресми түрде білім әлеміне аяқ басады.
Қазіргі таңда болжанған көрсеткіштің 40 пайызға жуығы қабылданып үлгерген. Бұл – ата-аналардың белсенділігі мен мектептерге деген сенімінің айғағы.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, 1-сыныпқа құжат қабылдау 2025 жылғы 1 сәуірден 31 тамызға дейін жүргізіледі. Бұл науқан мектептерде оқу жылы басталмас бұрын білім алушылардың нақты санын анықтап, сыныптар мен мұғалімдердің жүктемесін тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Ата-аналар баласын мектепке екі жолмен тіркей алады:
Құжаттарды қабылдау аптаның дүйсенбі-сенбі күндері, мереке және демалыс күндерін қоспағанда, барлық мектептерде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес, мектепке қабылдау ата-ананың өтініші бойынша 6 жастан бастап жүргізіледі. Сонымен қатар, денсаулығы мен психологиялық даму ерекшеліктеріне байланысты 7 жасар балалар да 1-сыныпқа қабылдана алады. Бұл ретте баланың мектепке дайын екенін анықтау үшін педагог-психологтар мен логопедтердің ұсыныстары ескеріледі.
1-сынып – бала өміріндегі маңызды белес. Бұл кезеңде балалар жаңа ортаға бейімделіп, алғаш рет тәртіп, жауапкершілік, жоспарлы жұмыс сынды қағидалармен танысады. Сол себепті ата-аналар тек құжат тапсырып қана қоймай, психологиялық тұрғыда да баланы мектепке дайындауы қажет.
Баламен бірге оқу құралдарын таңдау, оқу режимін қалыптастыру, баланың эмоционалдық күйін бақылау – баланың мектепке сәтті бейімделуінің негізгі кепілі.