Жамбылдық 10 мыңнан аса оқушы «Жасыл әлемді бірге құрайық!» акциясына қатысты

Жамбылдық 10 мыңнан аса оқушы  «Жасыл әлемді бірге құрайық!» акциясына қатысты
Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясында «Таза Қазақстан» республикалық іс-шарасы аясында «Жасыл әлемді бірге құрайық!» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев, білім басқармасының басшысы Нұрбек Әбубекұлы Оршыбеков, ұстаздар, 10-сынып оқушылары қатысты. Сондай-ақ, ZOOM платформасы арқылы онлайн режимде 8 мектеп қамтылды. Акцияға 8-10 сыныптардан 200 оқушы тартылып, олар бозарша, арша, шырша, қарағай тұқымдарынан жалпы саны 1000 дана дән екті.
 
Жалпы облыс бойынша 248 мектеп аталмыш акцияға қатысып, жалпы 10 375 оқушы қамтылды.
 
Оқушылар өз сыныптарының терезелеріне орналастырған тұқымдарды оқу жылының соңына дейін бақылап, 2025-2026 оқу жылының күзінде мектеп ауласына егуді жоспарлап отыр. Бұл бастама жас жеткіншектерге табиғатқа қамқорлықпен қарауды үйретіп қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.
 
Мектеп-гимназия президенті облыc әкімі еккен тұқымдарға күтім жасау міндетін өз мойнына алды.
 
Аталған акциямен қатар Жамбыл облысында «Мен Қазақстан экологиясын жақсартуға қандай үлес қосамын?» тақырыбында өткен облыстық шығармалар конкурсының марапаттау рәсімі өтті. Байқауға барлығы 2 530 оқушы қатысып, оның ішінде 3 үздік шығарма иесі – Т.Рысқұлов ауданынан Керімбек Нұрали, Жуалы ауданынан Артықбай Айдын және Тараз қаласынан Айтбай Заңғар жеңімпаз атанды. Жас экологтарға «Jambyl Cement» компаниясы атынан велосипедтер табысталды.
 
Бұл іс-шаралар балалардың экологиялық сана-сезімін қалыптастыруда, табиғатты қорғау жолындағы жауапкершіліктерін арттыруда маңызды қадам болды.