Жер сілкінісі – адамзат үшін ең қауіпті табиғи апаттардың бірі. Әсіресе, Қазақстан сияқты сейсмикалық белсенді аймақтарда бұл мәселе өзекті болып қала береді. Осы мәселені шешу мақсатында Дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейдің оқушылары Мурзалиева Каусар мен Қырманшиева Назерке ерекше үйдің жобасын жасады. Олардың идеясы – үйлерді жер сілкінісі кезінде ауа жастықшалары арқылы қорғау.
Оқушылардың жобасы «Ауа жастықшасын пайдалана отырып, ақылды үйді басқарудың зияткерлік жүйесін әзірлеу» деп аталады. Бұл жүйенің негізгі мақсаты – ғимараттың негізіне орнатылған арнайы ауа жастықшалары арқылы жер сілкінісі кезінде үйлердің зақымдануын барынша азайту. Жобаның ерекшелігі – жастықшаның автоматты түрде үрленіп, үйлердің іргетасын 3 см-ге көтеруі. Бұл тербеліс күшін төмендетіп, ғимараттардың бұзылу қаупін азайтады.
Каусар мен Назеркенің айтуынша, бұл идея жапондық қауіпсіздік технологияларынан шабыттанғанымен, Қазақстанда алғаш рет ұсынылып отыр.
«Біз қолжетімді және тиімді қауіпсіздік жүйесін жасағымыз келді. Қазір нарықта осындай технологиялар бар, бірақ олар өте қымбат. Біздің мақсатымыз – оны қарапайым халыққа қолжетімді ету», – дейді жас зерттеушілер.
Жобаны әзірлеу барысында оқушылар Arduino платформасын пайдаланып, компрессор арқылы жұмыс істейтін жүйені құрастырды. Жер қыртысының қозғалысын анықтайтын сенсор сигнал берген кезде, жүйе іске қосылып, ауа жастықшалары үрлене бастайды. Жер сілкінісі аяқталған соң, жастықшалар қайтадан бастапқы қалпына келеді. Бұл жоба тек теория жүзінде емес, тәжірибелік макет түрінде де жасалды. Оқушылар қолжетімді материалдардан құрылғының шағын үлгісін жасап, оның тиімділігін де сынақтан өткізген.
«Каусар мен Назерке үлкен ізденіс жасады. Олар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, шетелдік тәжірибелерді зерделеді. Ең бастысы, олар өздерінің инновациялық идеяларын шынайы өмірде іске асыра алатынын дәлелдеді. Бұл – болашақта дамытуды қажет ететін маңызды жоба», – дейді оқушылардың жетекшісі.
Жобаның авторлары бұл жұмысты одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Олардың айтуынша, болашақта жүйеге қосымша сенсорлар қосып, мобильді қосымша арқылы бақылау мүмкіндігін енгізу ойларында бар.
«Жер сілкінісінен қорғау технологияларының қолжетімді болғанын қалаймыз. Егер бұл жүйе кеңінен қолданылса, көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектесе алады», – дейді оқушылар.
Оқушылардың бұл жобасы – инновациялық ойлаудың және ғылымға деген қызығушылықтың айқын дәлелі. Егер жүйе әрі қарай дамытылып, өндірістік деңгейге шығарылса, ол Қазақстандағы жер сілкіністерінен қорғанудың жаңа мүмкіндігіне айналуы мүмкін. Жастардың ғылым мен техникаға деген қызығушылығы болашақта көптеген өзекті мәселелерді шешуге көмектесетіні сөзсіз.