Бүгін Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиында 2024 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, 2025 жылға арналған негізгі міндеттер талқыланды.
Алқа мәжілісіне облыс әкімінің орынбасары Сәлемов Серік Жақсылықұлы төрағалық етті. Сондай-ақ, басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ардагер ұстаздар, білім бөлімдері мен мекеме басшылары, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты. Жиын облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Кзылкулова Ләззат Әбілдақызының баяндамасымен басталды. Ол өз сөзінде білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларға тоқталды. Облыстағы 618 мектепке дейінгі ұйым 63 059 баланы қамтып, 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 100%-ға жеткенін атап өтті. Сонымен қатар, ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу жұмыстарының нәтижелі жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Орта білім беру саласында 2024 жылы 13 білім нысаны пайдалануға берілді, оның ішінде 8 жаңа мектеп бар. 2025 жылы тағы 21 жаңа білім нысанын ашу жоспарланып отыр. Бұл үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін біртіндеп шешуге мүмкіндік береді.
Облыс оқушылары халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 468 медальиеленді. Сонымен қатар, оқушыларымыз 15-ші жыл қатарынан Республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытындысы бойынша «Ең үздік команда» атағын иеленуде. Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша «Үздік олимпиадалық команда» деп танылды. Қазақстан оқушыларының жазғы гимназиадасында 52 спорт түрінен Жамбыл облысы жалпы командалық есепте І орын иеленді. «WORLDSKILLS KAZAKHSTAN – 2024»чемпионатында облыс студенттері «Ақпараттық кабельдік желілер» құзыреттілігі бойынша І орын, «Бизнестегі ІТ шешімдер» құзыреттілігі бойынша ІІІ орын және 11 медальон алды.
Мәжілісте педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау, құқық бұзушылықтың алдын алу және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды. Білім сапасын жақсарту мақсатында мұғалімдердің біліктілігін үздіксіз жетілдірудің маңыздылығы атап өтілді.
Баяндама соңында Ләззат Әбілдақызы облыстың білім беру жүйесін дамытуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтып: «Білім саласы – жауапкершілігі мол, маңызды сала. Біз ұрпағымыздың сапалы білім алуына, саналы азамат болып қалыптасуына жағдай жасауымыз керек. Бұл – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сондықтан, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бірлесе жұмыс істесек, алға қойған мақсаттарға жетеміз», – деп түйіндеді.
Сондай-ақ, жиын барысында саладағы өзекті мәселелер талқыланып, сұрақтарға жауап берілді.
Жиын соңында Серік Жақсылықұлы 2025 жылға арналған міндеттерді айқындап, білім беру саласының сапасын арттыру бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.