ТАРАЗ ҚАЛАСЫНДАҒЫ «ҰЛЫ ДАЛА» ЖАҢА МӨЛТЕК АУДАНЫНДА 1200 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

ТАРАЗ ҚАЛАСЫНДАҒЫ «ҰЛЫ ДАЛА» ЖАҢА МӨЛТЕК АУДАНЫНДА 1200 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Өңірде білім саласына айрықша назар аударылуда. Бүгінде облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер соғылып, апатты, үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі тиімді шешімін табуда. Білім беру инфрақұрылымын ресурстық қамтамасыз ету - өңірді дамытуда негізгі бағыттардың бірі болып табылады.

Осыған байланысты Тараз қаласында 1200 орындық жаңа мектеп ғимараты бой көтеріп, пайдалануға берілді. Енді Тараз қалалық №64 орта мектебі аталатын бұл білім ғимаратына жаңа салынған «Ұлы дала» мөлтек ауданының балалары келіп оқитын болады. Сондай-ақ, аталған мектеп демографиялық өсімге байланысты туындаған үш ауысымды мектептің мәселесін шешіп отыр.

2022 жылы құрылысы басталған мектеп ғимараты толықтай заманауи үлгіде салынып, қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етілген. Мұнда спорт залдары, асхана, зертхана кабинеттері мен шеберхана, сондай-ақ 56 оқу бөлмелері мен лингафон кабинеттері бар.

Мектеп ғимаратының ашылу салтанатына зиялы қауым өкілдері, мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар қатысты.

Айта кетейік, биыл білім саласына 284,8 млрд. теңге бөлінді. Ағымдағы жылы 20 мектеп пен 8 мектептің жапсарлас құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 3 мектеп пайдалануға берілген болатын. Бүгін төртінші мектептің лентасы қиылып, алғаш рет оқушыларға қоңырау соғылды. Жыл соңына дейін 4 мектеп пен 3 мектептің жапсарлас құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ағымдағы жылы 7 мектептің құрылысы басталса, келесі жылы 5 мектептің құрылысы басталмақ.