Бүгін Д.Қонаев орталығы, облыстық оқу-әдістемелік кабинеті мен Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бірлесіп ұйымдастыруымен қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығына орай ЖОО ғалымдары мен оқытушылары, аудандар мен Тараз қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, мектеп басшылары, тарих пәнінің мұғалімдеріне арналған «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев: Тарих. Тұлға. Тағдыр» тақырыбында облыстық дөңгелек үстел өтті.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлының еңбектері мен қоғамдағы рөлін насихаттау, тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға Жамбыл облысы Д.Қонаев қорының кеңесшісі Ж.Куздеубеков, Д.Қонаев қорының Талас аудандық филиалының төрағасы Л.Нұрұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының доценті, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Т.Мұқашев, «Тарих және география» кафедрасының меңгерушісі, доцент Е.Серікбаев қатысты.
Облыстық конференция барысында педагогтарға Д.Қонаевтың өмір жолы мен өнегесі, Қазақстанның дамуына қосқан үлесі, шығармалары, ғылыми еңбектері, өсиет сөздері баяндалып, ұлы тұлғаның үлгі тұтарлық қасиеттерін өскелең ұрпақ бойына сіңірудің маңыздылығы айтылды.