Бүгін Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы Ұлттық білім жүйесінде» тақырыбында аудандық, қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, бастауыш сынып және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне облыстық дөңгелек үстел өткізілді.
Облыстық дөңгелек үстел спикерлері М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мұқашев Темірбай Әлиұлы Ахметтің ұлттық мәдениетті, ұлт өркениетін дамытудағы шығармашылық мұрасы туралы ой қозғаса, «Ұстаз» институты «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абдыкадырова Тұрсынай Рыстайқызы «А.Байтұрсынұлы мұрасы және қазіргі кезең» тақырыбында сөз алды.
Сонымен қатар, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының аға ғылыми қызметкері Мадияр Ералыұлы «Ахметтің жастарға аманаты» атты баяндамасында ұлт ұстазының өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырған мұралары туралы кеңінен тоқталды.
Іс-шара барысында бастауыш сынып және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерін оқытудың маңызы, «Әдебиет танытқыш» еңбегі, Ахметтің қазақ тіл біліміне қосқан үлесі және «Ахметтану» курсы: коммуникативтік дағды мен функционалдық сауаттылық» тақырыбы аясында ой бөлісті.