«IQanat» ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

«IQanat» ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ
«Балалар жылы» аясында 2022 жылдың 21-25 маусымы аралығында Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Білім Министрлігінің қолдауымен Қазақстандағы ең ауқымды ауыл оқушыларына арналған «IQanat» республикалық олимпиадасы өз мәресіне жетті.
 
Аталған олимпиадаға барлығы 750 ауыл мектептерінің 8-сынып оқушылары қатысып, 7 пән бойынша олимпиада жеңімпаздары анықталды.
 
Облысымыздан аталған байқауға 10 ауданнан 53 оқушы қатысты. Алдағы 3 жыл бойы осы 53 оқушы «IQanat» білім қорының қолдауымен ұлттық бірыңғай тестілеуге EDUCON қосымша білім беру компаниясының көмегімен EDUWEY платформасында тегін білім алатын болады.
 
Іріктеуге қатысқан Жамбылдық оқушылардың 6-ы іріктеу конкурсынан өтті.
 
Олар: Байзақ ауданы Жамбыл орта мектебінің оқушысы Арыстанбек Алима, Қордай ауданы, №1 мектеп-гимназия оқушысы Жайлау Айзада, Мойынқұм ауданы, М.Жұмабаев атындағы орта мектептің оқушысы Азизхан Әнуар, Т.Рысқұлов ауданы, №2 орта мектептің оқушысы Айтбаев Жарылқасын және Жамбыл орта мектебінің оқушысы Тоқсанбай Толғанай, Талас ауданы, А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Ратхан Дінмұхаммед.
 
Аталған оқушылар Бурабайда орналасқан «IQanat Kazakh-English High School» мектебінде оқу мүмкіндігіне ие болды.
 
Олимпиаданың жеңімпаздарын диплом және бағалы сыйлықтармен «IQanat» Білім беру қорының Қамқоршылық Кеңесінің Төрағасы Айдын Рахимбаев марапаттады.