«ЖАС ҰЛАН» ұйымына 10 жыл толды

«ЖАС ҰЛАН» ұйымына 10 жыл толды

Биыл «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы үшін ерекше жыл. Елбасының қолдауымен құрылып, әр өңірдегі оқушылардың басын бір шаңыраққа біріктірген ұйым 10 жасқа толды.

Осыған орай бүгін облыстық білім басқармасының мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық «Жамбыл дарыны» орталығы мен «Жамбыл облысы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен мерекелік жиын өтті.

«Жалында «Жас Ұлан» жарқыра!» атты мерейтой «Балалар бірлестігінің 10-жылдық көрінісі» атты көрмемен басталып, концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Сондай-ақ, ұйым қатарына салтанатты түрде оқушыларды қабылдау және ант беру рәсімі өтті. Белсенді жасұландықтар мен үйлестірушілер де марапатталды.

Іс-шара барысында облыстық білім басқармасының қосымша білім беру, тәрбие және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Г.Дәрібайқызы мен жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы С.Қайратұлы жасұландықтарды мерейтойымен құттықтап, істеріне сәттілік тіледі.

10 жылдық мерейтоймен құттықтау мақсатында, мерекелік концертте К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртістері өз өнерлерін көрсетті.