ЖАМБЫЛДЫҚ 7 ОҚУШЫ БІРЕГЕЙ МЕКТЕПТЕ БІЛІМ АЛАДЫ

ЖАМБЫЛДЫҚ 7 ОҚУШЫ БІРЕГЕЙ МЕКТЕПТЕ БІЛІМ АЛАДЫ

Ауыл мектептеріне арналған Республикалық «IQanat» олимпиадасының республикалық кезеңі өз мәресіне жетті.

Білім байқауына республика бойынша 700-ге жуық ауыл мектебінің 9-сынып оқушылары қатысып, 7 пән бойынша (математика, физика, химия, биология, география, тарих және тілдік бағыт) бақ сынады.

Олимпиадаға Жамбыл облысынан қатысқан 40 оқушының 2-уі жүлделі ІІІ орын иегері атанды. Алдағы 2 жыл бойы байқауға қатысқан 40 оқушы «IQanat» білім қорының қолдауымен ұлттық бірыңғай тестілеуге EDUWEY платформасында тегін дайындалатын болады.

Жеңімпаздарды «IQanat» Білім беру қорының Қамқоршылық Кеңесінің Төрағасы Айдын Рахымбаев құттықтап, диплом және бағалы сыйлықтар табыстады.

Сондай-ақ, байқау барысында олимпиаданың үшінші кезеңінде жоғары ұпай жинаған 20 оқушы Бурабайда орналасқан «IQanat Kazakh-English High School» мектебіне оқуға түсу үшін арнайы дайындалған тест тапсырмаларын орындап, іріктеуден өтті. Нәтижесінде жүзден жүйрік атанған жамбылдық 7 оқушы жаңа оқу жылынан бастап аталған мектепте білім алады.