DEAFSKILLS: Таразда кәсіби шеберлікті шыңдайтын сайыс өтті

DEAFSKILLS: Таразда кәсіби шеберлікті шыңдайтын сайыс өтті

Білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен 12 сәуір күні Тараз сервис және технология колледжінде «DeafSkills» облыстық кәсіби шеберлік чемпионаты өтті.

Чемпионатты өткізудегі мақсат – есту қабілеті нашар және есту қабілеті шектеулі жастарға кәсіби білім беруді дамыту, олардың шығармашылық және көркемдік дағдыларын, өнерін танытуға мүмкіндік жасау және қолдау көрсету.

Сайысқа колледж студенттері мен арнайы мектеп-интернатының оқушылары «Сәндік қолданбалы өнер» және «Киімдерді үлгілеу және дизайн» құзыреттіліктері бойынша қатысып, шеберліктерін ортаға салды.

Жалпы облыстағы 2 колледжде есту және сөйлеу, көру қабілеті нашар 53 студент киімдерді үлгілеу және дизайн, сәндік қолданбалы өнер, мейіргерлік ісі мамандықтары бойынша білім алады.

Чемпионат нәтижесінде «Сәндік қолданбалы өнер» құзіреттілігі бойынша І орынды Тараз сервис және технология колледжінің студенті Жолдасбек Елнұр жеңіп алды. Жүлделі ІІ орынды «Мейірім» арнайы мектеп-интернатының оқушысы Якоб Милана иеленді. Ал ІІІ орын Тараз сервис және технология колледжінің студенті Шамсиддин Медетке бұйырды.

«Киімдерді үлгілеу және дизайн» құзіреттілігі бойынша І орынды Тараз сервис және технология колледжінің студенті Мамытбекова Іңкәр жеңіп алды. Жүлделі ІІ орынды Тараз сервис және технология колледжінің студенті Есентаева Гульнара иеленді. Ал ІІІ орын Акимжанқызы Салияға бұйырды. Сондай-ақ, «Мейірім» арнайы мектеп-интернатының оқушысы Оспан Нұрбол «Ұсталық ісі» құзыретілігі бойынша арнайы дипломмен марапатталды.

Жеңімпаздарға арнайы кубок, медальдар табысталып, барлық қатысушыларға сертификат және Алғыс хат берілді.