Ерекше балаларға – ерекше назар!

Ерекше балаларға – ерекше назар!

31 наурыз күні Қордай ауданында ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету Кабинетінің филиалдары, сондай-ақ инклюзивті білім берудің Ресурстық орталығы ашылды.

Нысандарды ашу салтанатына облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова, «Дара» Қайырымдылық қорының өкілі Сәуле Бексұлтанова, Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің меңгерушілері, педагогтар, ата-аналар мен балалар қатысты.

Қордай ауылындағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті 15 жылдан бері ерекше білім беруді қажет ететін балалар мен олардың отбасыларына қажетті қолдау көрсетіп келеді. Дегенмен осы уақыт ішінде түзету кабинетінің материалдық-техникалық жабдықталуы бүгінгі күннің талаптарына сәйкес келмеді.

Осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында ерекше балаларға қолдау көрсету мақсатында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен және облыстық білім басқармасымен ынтымақтастықта «Дара» қайырымдылық қоры аудандағы ППТК-ны заманау техникалармен жабдықтап, Масаншы және Сортөбе ауылдарындағы жалпы білім беретін мектептер базасында филиалдарын ашты.

Сондай-ақ, Қордың қолдауымен ерекше білім беруді қажет ететін балалардың білім алуына тиімді жағдай жасау мақсатында аудандағы №51 мектепте инклюзивті білім берудің ресурстық орталығы ашылды. Инклюзивті білім берудің ресурстық орталығында – ата-аналарға арналған кеңес бөлімі, баланың демалыс орны, ұстаздар мен мамандардың топтық жұмыс бөлімі бар.

Жалпы өңірде инклюзияны қолдау бойынша 2 ресурстық орталық және 3 инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді.