29 наурыз күні жалпы орта білім беретін мекемелерінің 9-11 сынып оқушылары арасында «Парасатты қоғам – мемлекет болашағының негізі» тақырыбында облыстық онлайн пікірсайыс турнирі өтті.
Іс-шараның мақсаты – егеменді еліміздің белсенді жастарының Тәуелсіздік құндылықтары мен Мәңгілік ел идеясы аясындағы парасаттылық туралы ойларын бір арнаға тоғыстыру, құқықтық сауаттылығын арттыру.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті, облыс әкімдігінің білім басқармасы және облыстық пікірсайыс одағы «Еркін-пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен турнирге облыс мектептерінен 11 фракция қатысып, бақтарын сынады.
Турнир барысында оқушылар қоғамның өзекті мәселелері мен оны шешу жолдары, азаматтық жауапкершілік, парасаттылық, әлеуметтік мәселелер аясында ойларын ортаға салып, тың идеялар ұсынды.
Тартысты өткен турнир нәтижесінде І орынды дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-лицейінің «Дегдар» фракциясы жеңіп алды. Жүлделі ІІ орынды Шу ауданы Жамбыл атындағы гимназияның «ARLANS» фракциясы, ІІІ орынды Тараз қаласы Төле би атындағы №8 гимназияның «Парасат» фракциясы иеленді.
Ал Меркі ауданындағы №48 орта мектептің «НАТО» фракциясы «Үздік талпыныс» номинациясының және Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің 4-курс студенті Сәбит Ерзат «Үздік төреші» номинацияларының иегері атанды.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз!