Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен «Аспара» мәнерлік өнер және бизнес колледжінің базасында Жаһандық әлемдегі сән индустриясындағы жас таланттарды анықтау және насихаттау мақсатында «Нео-фольклор» стиліндегі киім дизайнерлері мен модельерлерінің І Ұлттық байқауы өтті.
Аталған байқау аясында 12-ақпан күні «Дайын киім топтамаларын қалыптастырудың заманауи технологиялары» тақырыбында Қазақстанның жетекші дизайнері Айдархан Қалиев бірінші шеберлік-сағатын өткізді. Талантты дизайнер көрермендердің назарына қазақ халқының ұлттық өнерін қайнар көзі ретінде пайдалана отырып, киім топтамасын қалай дұрыс құрастыру және үлгілеу тәсілдерінің сауатты әрі жеңіл жолын ұсынды. Инновациялық технологиялардың көмегімен жасалған ою-өрнек және әрлеу жүйесі, пішу техникасы мен киім ансамблінің бейнелі шешімін табудың тың жолдарын көрсетті. Іс-шараға республиканың осы сала бойынша мамандар даярлайтын 27 колледжінен 100-ден аса мамандар, студенттер қатысып, тәжірибе алмасты.