Жамбыл облысы бойынша 38342 оқушыны киім-кешекпен, кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету жоспарланған.
Шара аясында 1 балаға шаққанда 66600 теңге көлемінде қаржылай көмек қарастырылып отыр. Бүгінгі күнге 32136 балаға 2,1 млрд теңге көлемінде қаржы аударылды. 2025 жылы облыс бойынша бір реттік ақшалай әлеуметтік көмек 41 327 оқушыға көрсетілді. Бұл қаражат өткен жылмен салыстырғанда 13483 теңгеге артып отыр (өткен жылы 1 балаға 53117 теңге). Қәзіргі уақытта жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысымен бекітілген 1-тармағына сәйкес қаржылай және материалдық көмек алушылардың 5 санаты белгіленген.
Атап айтқанда:
- мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар;
- мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балалар;
- жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балалар;
- төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар;
- білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілер.
Сонымен қатар, жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы 1 тамыз - 30 қыркүйек аралығында жүргізіледі.
Акция аясында демеушілер есебінен әлеуметтік осал топтардың балаларына тиісті қолдау көрсету мақсатында мектеп формасымен, оқу құралдарымен 4500 баласын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.