РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП ЛИГАСЫНЫҢ» АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП ЛИГАСЫНЫҢ» АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» ұйымдастыруымен «Ұлттық мектеп лигасының» республикалық кезеңінің ашылу салтанаты өтті. Ауқымды спорттық шараға республиканың барлық аудан-қалаларынан келген жас спортшылар, дене шынықтыру пәні мұғалімдері, жаттықтырушылар, төрешілер және спорт жанашырлары қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – оқушылар арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттыру, дарынды спортшыларды анықтап, қолдау көрсету.

Салтанатты шара «Салтанат» биімен басталып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды. Ашылу рәсімінде сөз алған құрметті қонақтар қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқталды.

Шара барысында ұйымдастырушылар Ұлттық мектеп лигасының оқушылардың жан-жақты дамуына, көшбасшылық қасиеттерінің қалыптасуына және бұқаралық спорттың өркендеуіне қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.

Биылғы жарыстар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен тиісті мемлекеттік органдар бекіткен ережеге сәйкес спорттың 10 түрі бойынша өткізіліп, 800 жуық баланы қамтиды. Атап айтқанда:

* Баскетбол – «Алтын доп»;
* Волейбол – «Шұбар доп»;
* Гандбол – «Ұшқыр доп»;
* Футбол – «Былғары доп»;
* Тоғызқұмалақ;
* Үстел теннисі;
* Асық ату және бес асық;
* Шахмат – «Ақбозат»;
* Футзал – «Теңбіл доп»;
* Жеңіл атлетика.

Жарыстар 5–6 сынып, 7–8 сынып және 9–11 сынып оқушылары арасында өткізіліп, әр жас ерекшелігі бойынша үздіктер анықталады.

Мерекелік іс-шара барысында өнерпаз оқушылардың орындауындағы әндер мен би композициялары көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Вокал» студиясының тәрбиеленушілері орындаған музыкалық нөмірлер жас спортшыларға ерекше рух берді.

Ұлттық мектеп лигасы бүгінде еліміздегі ең ауқымды мектептік спорт жобаларының бірі саналады. Жоба оқушылардың спортпен жүйелі айналысуына мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың достық қарым-қатынасын нығайтуға, жеңіске деген жігерін шыңдауға ықпал етеді.