
Байзақ ауданында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубековтің төрағалығымен көшпелі кеңес өтті. Кеңес жұмысына аудандық білім бөлімінің басшылығы, білім беру ұйымдарының директорлары, сала мамандары қатысты. Көшпелі кеңесте алдымен басқарма басшысы Нұрбек Оршубеков сөз сөйлеп, 2025 жылы білім саласында атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды. Оның айтуынша, Білім беруді дамытудың тұжырымдамасы, ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бірлескен өңірлік жол картасы және Жамбыл облысының даму жоспарында белгіленген негізгі индикаторлар орындалған. Сонымен бірге бірқатар жүйелі мәселелер әлі де өзекті болып отырғанын атап өтті. Басқарма басшысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау – барлық деңгейдегі білім беру ұйымдары үшін басты міндет екенін баса айтты. Әсіресе білім сапасын қамтамасыз ету және білім беру ұйымдарының мемлекеттік аттестаттаудан өтуі қатаң бақылауда болуы тиіс екені ескертілді. 2025 жылы Байзақ ауданындағы Ю.Гагарин атындағы және Амангелді орта мектептерінің мемлекеттік аттестаттаудан өте алмағаны айтылып, оның негізгі себебі ретінде мектепішілік бақылаудың жүйесіздігі көрсетілді. Аталған мектептер биылғы наурыз–сәуір айларында қайта аттестаттаудан өтетін болады. Сондай-ақ мектептердің рейтингтік бағалау нәтижелері де кеңінен талқыланды. Байзақ ауданындағы жалпы білім беретін мектептердің басым бөлігі функционалдық режимде жұмыс істейтіні, ал инновациялық және өзін-өзі дамыту бағытындағы мектептердің жоқтығы алаңдатарлық жағдай ретінде атап өтілді. Нұрбек Әбубекұлы білім бөліміне тиімділігі төмен мектептердің жұмысын күшейтіп, педагогикалық ұжымдарға қойылатын талаптарды арттыруды тапсырды. Кеңесте «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлерінің нәтижелері де сараланды. Басқарма басшысы санға емес, сапаға жұмыс істеу қажеттігін атап өтіп, «Алтын белгі» – шынайы білімнің көрсеткіші болуы тиіс екенін қатаң ескертті. ҰБТ, ББЖМ және қорытынды аттестаттауға дайындықты күшейту тапсырылды. Педагог кадрлардың сапасы да назардан тыс қалмады. Педагогтердің білім деңгейін бағалау нәтижелері бойынша көрсеткіштердің төмен екені айтылып, аудан бойынша тест тапсырған педагогтердің 61,3 пайызы шекті деңгейден өте алмағаны хабарланды. Осыған байланысты мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, курстармен қамту және жүйелі бақылау қажеттігі атап өтілді. Көшпелі кеңесте ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жағдай жасау, ерте қолдау қызметін ашу, буллинг пен суицидтің алдын алу, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері де жан-жақты қозғалды. Сонымен қатар «Әлеуметтік әмиян» жобасын іске асыру барысы, өтініштермен жұмыс, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және әлеуметтік желілердегі сыни материалдарға жедел жауап беру мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берілді. Кеңестің екінші бөлімінде Байзақ ауданы білім бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Ерлан Сейдаханов 2025 жылғы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Ол аудан бойынша мектепке дейінгі ұйымдармен қамту деңгейі жоғары екенін, орта білім беру жүйесінде оң динамика қалыптасқанын атап өтті. Білім сапасының жыл сайын өсіп келе жатқаны, оқушылар мен педагогтердің облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жетістіктері кеңінен баяндалды. Сонымен қатар мектеп инфрақұрылымын дамыту, күрделі жөндеу, жаңа мектептер салу, спорт залдарымен қамту, цифрлық білім беру ресурстарын енгізу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Жастар тәрбиесі, құқық бұзушылықтың алдын алу, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру, қосымша біліммен қамту және инклюзивті білім беру мәселелері де есепте қамтылды. Көшпелі кеңес қорытындысында білім саласындағы өзекті мәселелерді шешу бойынша нақты міндеттер айқындалып, жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктелді. Білім сапасын арттыру, ашықтық пен жауапкершілікті күшейту, бала қауіпсіздігі мен тәрбие мәселелеріне басымдық беру алдағы кезеңдегі негізгі бағыттар ретінде белгіленді.