БІЛІМ САПАСЫ – БАСТЫ НАЗАРДА: МЕРКІ АУДАНЫНДАҒЫ КӨШПЕЛІ КЕҢЕС

БІЛІМ САПАСЫ – БАСТЫ НАЗАРДА: МЕРКІ АУДАНЫНДАҒЫ КӨШПЕЛІ КЕҢЕС

БІЛІМ САПАСЫ – БАСТЫ НАЗАРДА: МЕРКІ АУДАНЫНДАҒЫ КӨШПЕЛІ КЕҢЕС Меркі ауданында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубековтің қатысуымен көшпелі кеңес өтті. Кеңес барысында аудандық білім беру ұйымдарының қызметі, білім сапасы, педагог кадрлардың әлеуеті, бала қауіпсіздігі және басқару тиімділігі мәселелері жан-жақты талқыланды. Жиында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубеков білім саласында сандық көрсеткіштерден сапалық нәтижеге көшу қажеттігін атап өтті. «Бүгінгі басты талап – қағаз жүзіндегі көрсеткіш емес, нақты білім сапасы. Әрбір мектептің жұмысы оқушының нәтижесімен, педагогтің кәсіби деңгейімен бағалануы тиіс», – деді басқарма басшысы. Кеңес барысында 2025 жылы мемлекеттік аттестаттаудан өте алмаған мектептердің мәселесі көтерілді. Нұрбек Оршубеков білім беру ұйымындағы құжат айналымы, оқу жоспары, педагогтердің біліктілігі мен электронды журнал жүргізудегі кемшіліктерге ерекше тоқталып, сәуір айында өтетін қайта аттестаттауға дейін барлық олқылықтарды жоюды тапсырды. Сондай-ақ мектептер рейтингі мәселесі де назардан тыс қалмады. «Инновациялық бағытта жұмыс істейтін мектептердің болмауы – алаңдатарлық жағдай. Әр мектеп даму траекториясын айқындап, нақты нәтиже көрсетуі керек», – деді ол. Кеңесте «Алтын белгі» иегерлерінің білім сапасына қатысты мәселелер де көтерілді. Соңғы жылдары үміткерлер саны артқанымен, олардың ҰБТ нәтижелері күткен деңгейде емес екені айтылды. «Алтын белгі – формальды марапат емес, ол оқушының шынайы білімінің көрсеткіші болуы тиіс. Бұл бағытта қатаң бақылау жүргізіледі», – деп атап өтті Нұрбек Оршубеков. Педагог кадрлардың кәсіби деңгейі де кеңестің негізгі тақырыптарының бірі болды. Педагогтердің біліктілігін арттыру курстары мен әдістемелік қолдауды күшейту тапсырылды. Кеңесте бала қауіпсіздігі, буллинг пен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық мәселелері де кеңінен қаралды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуре Абдирасилова өз баяндамасында 2025 жылғы атқарылған жұмыстарға тоқталып, білім саласына бөлінген қаржы, педагог кадрлар, білім сапасы мен инфрақұрылым бойынша нақты көрсеткіштерді ұсынды. «Бүгінде ауданда мектепке дейінгі біліммен қамту 3–6 жас аралығында 100 пайызды құрап отыр. Ваучерлік қаржыландыру жүйесі толық енгізілді», – деді бөлім басшысы. Сонымен қатар цифрландыру, интернетпен қамту, заманауи кабинеттермен жабдықтау жұмыстарының нәтижелері айтылды. Тәрбие бағытында «Адал азамат» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен мектептерде ұялы телефон қолдануға қойылған шектеудің оң әсері атап өтілді. Көшпелі кеңес қорытындысы бойынша білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби деңгейін көтеру, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқару тиімділігін күшейту бағытында нақты тапсырмалар берілді. Барлық айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстар қатаң бақылауға алынатыны жеткізілді.