Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНДА КӨШПЕЛІ КЕҢЕС ӨТТІ: БІЛІМ САПАСЫ, ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК - БАСТЫ НАЗАРДА

Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНДА КӨШПЕЛІ КЕҢЕС ӨТТІ: БІЛІМ САПАСЫ, ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК - БАСТЫ НАЗАРДА

Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНДА КӨШПЕЛІ КЕҢЕС ӨТТІ: БІЛІМ САПАСЫ, ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК - БАСТЫ НАЗАРДА Т.Рысқұлов ауданында облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубековтың төрағалығымен көшпелі кеңес өтті. Кеңес жұмысына аудандық білім бөлімінің мамандары, білім беру ұйымдарының директорлары қатысты. Жиын барысында 2025 жылы білім саласында атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, саладағы өзекті мәселелер мен алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды. Көшпелі кеңесте сөз сөйлеген Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубеков Мемлекет басшысының білім саласына қатысты тапсырмаларының орындалуы қатаң бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, білім сапасын қамтамасыз ету, мектептердің мемлекеттік аттестаттаудан өтуі және басқару жауапкершілігі – басты басымдықтар қатарында. Атап айтқанда, 2025 жылдың қыркүйек–желтоқсан айлары аралығында Т.Рысқұлов ауданындағы үш мектептің мемлекеттік аттестаттаудан өте алмауы жүйелі бақылаудың әлсіздігін көрсеткен. Мектептерде құжаттаманың талапқа сай жүргізілмеуі, оқу жоспарлары мен сабақ кестелерінің сәйкес келмеуі, электронды журналды толтырудағы олқылықтар анықталған. Аталған білім беру ұйымдары ағымдағы жылдың наурыз–сәуір айларында қайта аттестаттаудан өтетін болады. Сонымен қатар, мектептердің рейтингтік көрсеткіштері талданып, өткен оқу жылында аудан мектептерінің басым бөлігі функционалдық режимде жұмыс істегені айтылды. Бұл білім беру ұйымдарының тиімділігін арттыру қажеттігін көрсетеді. Осыған байланысты білім бөліміне талаптарды күшейтіп, нәтижеге бағытталған жұмысты жандандыру тапсырылды. Басқарма басшысы «Алтын белгі» иегерлерінің саны артқанымен, ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері бұл көрсеткіштердің барлығы бірдей білім сапасын дәлелдемейтінін атап өтті. «Сан емес, сапа маңызды. “Алтын белгі” – шынайы білімнің өлшемі болуы тиіс», – деді Нұрбек Оршубеков. Сондай-ақ педагогтердің білім деңгейін бағалау нәтижелері де алаңдаушылық тудыратыны айтылды. Бұл бағытта мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, курстарға қатысуын жүйелеу және нақты бақылау орнату қажеттігі ескертілді. Кеңесте ауданның білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Самылтыров та баяндама жасап, Т.Рысқұлов ауданындағы білім беру жүйесінің жай-күйі мен даму бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылы ауданның білім саласына 22,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, мектепке дейінгі, орта білім және инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар маңызды жобалар іске асырылған. Қазіргі таңда ауданда 37 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп, 3481 бала тәрбиеленуде. Балабақшалардың барлығы ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшкен. Ал орта білім беру саласында 39 мектепте 13 мыңнан астам оқушы білім алуда. Ауданда бірқатар мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа мектептердің құрылысы аяқталуға жақын. Үш ауысымды немесе апатты жағдайдағы мектептер жоқ. Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да нақты шаралар қабылданып, мектептер дабыл түймелерімен, бейнебақылау жүйелерімен және турникеттермен жабдықталған. Сонымен қатар, оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың, буллинг пен суицидтің алдын алу, әлеуметтік осал санаттағы балалармен жұмыс жүргізу мәселелері де кеңінен қаралды. Бұл бағытта құқық қорғау органдарымен бірлескен профилактикалық жұмыстар күшейтілген. Кеңес барысында педагогтердің кәсіби жетістіктері, оқушылардың олимпиадалар мен ғылыми жобалардағы нәтижелері, оқулықтармен 100 пайыз қамтылуы және ұлттық тәрбиеге негізделген «Адал азамат» бағдарламасының іске асырылуы да атап өтілді. Жиын қорытындысында білім беру ұйымдарының басшыларына білім сапасын арттыру, қауіпсіз және қолайлы орта қалыптастыру, ашықтық пен жауапкершілікті күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді. Көшпелі кеңесте көтерілген барлық мәселелер білім басқармасы тарапынан тұрақты бақылауда болатыны айтылды.