Жұмысшы мамандықтары жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша өткен «WELDINGSKILLS – 2025» халықаралық кәсіби шеберлік байқауы ұйымдастырылып, үздіктер анықталды.
Байқау «Дәнекерлеу технологиясы» құзыреттілігі бойынша өткізілді. Жоғары деңгейдегі додаға Қазақстанның Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары және Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан Республикасынан студенттер қатысып, өзара кәсіби шеберліктерін сынға салды.
Байқаудың негізгі мақсаты – жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, студенттердің кәсіби дамуына қолдау көрсету, олардың біліктілік деңгейін бағалау және ынталандыру.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысқан Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысы Нурбек Оршубеков барлық қатысушыларды құттықтап, үздік нәтижелер көрсеткен студенттерге дипломдар мен сертификаттар, жетекшілеріне алғыс хаттар табыстады.
Жеңімпаздар:
•

Бас жүлде – Жамбыл облысы, №9 Меркі колледжінің 2 курс студенті Садахбаев Нұрсұлтан Сабитович
• 1 орын – Жетісу облысы, Талдықорған индустриялдық колледжінің студенті Мұхтаров Расул
• 2 орын – Түркістан облысы, №8 Түркістан колледжінің студенті Башкатов Михаил Андреевич
• 3 орын – Түркістан көпсалалы колледжінің студенті Абдукасимов Артем Сергеевич
Байқаудың бас жүлдегеріне «SKLAD» онлайн платформасының жетекшісі, ICET атқарушы директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сороковик Татьяна атынан шетелде тағылымдамадан өтуге тегін сертификат табысталды.
Сонымен қатар байқауға қолдау көрсеткен «Сыпатай батыр» ЖШС басшысы Шайхиев Қанат Кенәліұлы жеңімпаздарға қаржылай сертификаттар, ал орын ала алмаған қатысушыларға колледждің әлеуметтік серіктесі «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС басшысы Қ.Манкеев тарапынан қаржылай қолдау көрсетілді.
Ұйымдастыру жұмыстарына белсене атсалысқан колледж басшылары мен ұстаздарға «Talap» КЕАҚ атынан алғыс хаттар табысталды.
«WELDINGSKILLS – 2025» халықаралық байқауы – жастардың кәсіби өсуіне жол ашатын, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін, жұмысшы мамандықтарының болашағына серпін беретін маңызды алаң болды. Байқау нәтижесі – тек жеңімпаздарды анықтап қана қоймай, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың жарқын мысалы болды.