ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК ЖӘНЕ КӘСІБИ ШЕБЕРЛІК: WELDINGSKILLS БАЙҚАУЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ СӘТТЕРІ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК ЖӘНЕ КӘСІБИ ШЕБЕРЛІК: WELDINGSKILLS БАЙҚАУЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ СӘТТЕРІ
Жамбыл облысында "Жұмысшы мамандықтар" жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту бағытында тың бастамалар жүзеге асырылуда. Соның бір дәлелі – колледж студенттері арасында ұйымдастырылған «WELDINGSKILLS» халықаралық кәсіби шеберлік байқауы. Бұл байқау "Дәнекерлеу ісі" мамандығы бойынша "Дәнекерлеу технологиясы" құзыреттілігі аясында өткізілді.
 
Іс-шара шеңберінде халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында маңызды қадам жасалды. Атап айтқанда, №9 Меркі колледжінің директоры Ғалымжан Мамырбаев Халықаралық білім беру технологиялары орталығының (ICET) директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, халықаралық сарапшы Сороковик Татьяна Ивановнамен екі жақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Аталған құжат колледж студенттеріне заманауи білім беру технологияларына қол жеткізуге және халықаралық тәжірибені меңгеруге кең мүмкіндік береді.
 
Сороковик Татьяна Ивановна байқауға қатысушылардың кәсіби даму жолында жаңа белестерге шығуына қолдау білдіріп, байқаудың бас жүлде иегеріне шетелде тағылымдамадан өтуге арналған тегін сертификат табысталатынын мәлімдеді. Бұл – жас мамандарға әлемдік тәжірибені меңгеруге жол ашатын зор мүмкіндік.
 
Сонымен қатар, колледждің әлеуметтік серіктесі – "Сыпатай Батыр" ЖШС басшысы Шайхиев Қанат Кеналыұлы да байқауға өз үлесін қосып, жеңімпаздарға қаржылай қолдау көрсететінін атап өтті. Мұндай қолдаулар студенттердің кәсіби өсуіне серпін беріп, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырары сөзсіз.
 
Бұл іс-шара – кәсіби білім беру мен халықаралық әріптестікті үйлестіре отырып, болашақ мамандарды қолдауға бағытталған маңызды платформа. Байқау арқылы студенттер өз қабілеттерін шыңдап қана қоймай, халықаралық деңгейде мойындалуға мүмкіндік алуда.