БОЛАШАҚ МАМАНДАРМЕН БАЙЛАНЫС: БАСҚАРМА БАСШЫСЫ ҮЗДІК ТҮЛЕКТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

БОЛАШАҚ МАМАНДАРМЕН БАЙЛАНЫС: БАСҚАРМА БАСШЫСЫ ҮЗДІК ТҮЛЕКТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы өңір мектептерін білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Соның бір дәлелі – жуырда өткен келелі кездесу.
 
Білім басқармасының басшысы Нурбек Оршубеков М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің оқу үлгерімі жоғары, яғни GPA көрсеткіші 3,33-тен асатын үздік түлектермен арнайы кездесіп, ашық диалог алаңын құрды.
Кездесу барысында білім басқармасының басшысы Нурбек Абубекович Жамбыл облысындағы қазіргі кадрлық ахуалға тоқталып, 561 бос жұмыс орнының бар екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, жас мамандарға арналған қолдау шараларын атап өтіп, білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарымен таныстырды. Ол өз сөзінде: “Жас түлектер – еліміздің болашағы. Біз оларды тек еңбекке тартумен шектелмей, олардың кәсіби дамуына жағдай жасауымыз қажет,” – деп атап өтті.
 
Жиынға университет басшылығы да белсенді қатысып, академиялық мәселелер бойынша проректор Ләззат Еркінбаева оқу бағдарламалары мен түлектердің жетістіктері жайлы кеңінен баяндап, басқармамен арадағы тығыз байланыс пен серіктестікті жоғары бағалады.
 
Сонымен қатар, Академиялық жұмыс жөніндегі департаменттің басшысы Әбілхан Садибаев және Оқу бөлімінің жетекшісі Айман Наренова колледждермен бірлескен бағдарламалар, педагогикалық практика және біліктілік арттыру шаралары жөнінде мағлұмат беріп, білім басқармасымен ықпалдастықтың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында түлектер өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, білім саласының мамандарымен еркін пікір алмасты. Университет кафедра меңгерушілері де педагогикалық практиканы ұйымдастыру бойынша нақты ұсыныстарын білдірді.