Ауыл шаруашылығын дамыту – бұл тек аграрлық өндірістің көлемін арттыру ғана емес, бұл – мемлекет тұрақтылығының, азық-түлік қауіпсіздігінің, ауыл өмірінің сапасы мен ұлттық экономиканың болашағын айқындайтын кешенді міндет.
Ұлттық Құрылтайдың ІV отырысында Мемлекет басшысы жариялаған негізгі бастамаларға сәйкес, Көптерек ауылдық округінде орналасқан «QazMeatExport» шаруа қожалығы алқабында «Ауыл шаруашылығы саласын дамыту» тақырыбында эксперттік ғылыми семинар болып өтті. Аталған семинарға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, облыс басшысы Ербол Қарашөкеев, ғылыми зерттеу институттары, лизингтік компаниялар, өңірдегі сала өкілдері, кәсіпкерлер қатысты. Семинар жұмысын аймақ басшысы ашып, жүргізіп отырды. Алдымен «QazMeatExport» шаруа қожалығының басшысы Дәулет Қонқашев жаздық арпа, күздік бидай, көкөніс және көп жылдық шөп дақылдарының алқабымен таныстырды. Сондай-ақ, семинар қатысушылары ауыл шаруашылығы техникалары, су үнемдеу техникалары, тыңайтқыш, тұқым және қайта өңдеу өнімдері көрмесін аралады.
Семинар барысында қатысушылар ауыл шаруашылығындағы басты бағыттарға тоқталып, саланың қазіргі жағдайы мен даму келешегі туралы пікір алмасты. Атап айтқанда, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жетілдіру, фермерлік және шаруа қожалықтарын қолдау, жер және су ресурстарын тиімді пайдалану, аграрлық ғылым мен инновацияны өндіріске енгізу мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, импортқа тәуелділікті азайту, ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру мәселелері де күн тәртібінде болды. Сарапшылар саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мемлекет тарапынан жүйелі қолдау мен нақты шешімдердің қажет екенін атап өтті. Агросала өкілдерінің өзара ынтымақтастығын арттыруға және бірлескен шешімдер қабылдауға ықпал еткен семинар соңы марапаттауға ұласты.
Ақпараттық медиа орталығы.