Аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназиясында «Таза Қазақстан» республикалық іс-шарасы аясында «Жасыл әлемді бірге құрайық!» атты экологиялық акция болып өтті. Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ерлан Сейдаханов, мектеп-гимназия ұжымы мен оқушылары қатысты. Рүстем Қалмұхамбетұлы оқу ордасының әдістемелік, бейнелеу өнері, химия, бағдарлы оқыту, робототехника, информатика, алғашқы әскери дайындық және тактикалық оқыту кабинетінің жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, гидропоника бұрышын аралап, тоғызқұмалақшылармен жүздесті. Акт залында оқушылар хоры орындауындағы мектеп-гимназия гимнін тыңдап, кітапханада үлгілі оқушылармен пікір алмасты. Экологиялық акция барысында оқушылармен бірге тұқымдарды арнайы ыдысқа егуге қатысты. Оқушылар өз сыныптарының терезелеріне орналастырған тұқымдарды оқу жылының соңына дейін бақылап, келесі оқу жылының күзінде мектеп ауласына егуді жоспарлап отыр. Бұл бастама жас жеткіншектерге табиғатқа қамқорлықпен қарауды үйретіп қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Мектеп-гимназия аудан әкімінің орынбасары еккен тұқымдарға күтім жасауды өз міндетіне алды. Бұл акция оқушылардың экологиялық сана-сезімін қалыптастыруда, табиғатты қорғау жолындағы жауапкершіліктерін арттыруда маңызды қадам болды. Жалпы аудан бойынша 22 мектеп аталмыш акцияға қатысып, оған жалпы саны 980 оқушы қамтылғанын айта кетейік. Ақпараттық медиа орталығы.