«TAZALIKE» ЖОБАСЫ Сеңкібай ауылындағы сенбілік жұмыстары

«TAZALIKE» ЖОБАСЫ Сеңкібай ауылындағы сенбілік жұмыстары

«Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған халқымыз үшін тал егу үрдіске айналғаны белгілі. Аудан аумағындағы елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында, ағымдағы жылдың 15 наурыз бен 20 сәуірі аралығында «Tazalike» акциясы ұйымдастырылуда. Осы орайда, бүгін аймақ басшысының бастамасымен Мырзатай ауылдық округінің Сеңкібай ауылында «Өз ағашыңды отырғыз» акциясы болып өтті. Сенбілікке аудан әкімі мен мәслихатының аппараты, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме басшылары мен қызметкерлері, Қоғамдық кеңес мүшелері мен ардагерлер, «AMANAT» партиясының ұжымы мен өкілдері, белсенді жастар, Мырзатай ауылдық округі әкімінің аппараты және ауыл тұрғындары біркісідей атсалысты. Тазалық шарасы барысында 570 дана қарағаш, 100 дана жеміс ағаштары, 15 дана можжевельник, 15 дана қарағай көшеттері отырғызылды. 500 шаршы метр мектеп қоршауы сырланып, былтырғы егілген ағаш көшеттерінің түптері қопсытылды. Игі шараға аудан әкімі қатысып, көппен бірге ағаш көшеттерін отырғызды. Сондай-ақ, аймақ басшысы өз сөзінде, бүгінгі тазалық акциясы сенбі сайын әр елді мекенде өз жалғасын табатынын жеткізді.

Бүгінгі еккен тал шыбық, ертең жапырағы жайқалған ағаш, одан әрі көрікті орман болатыны белгілі. Таза экология, таза ауыл, мұның барлығы – жарқын болашағымыз үшін екенін айта кетейік.

Ақпараттық медиа орталығы.