Ауыл аспанын әсем ән, күмбірлеген күй кернеді

Ауыл аспанын әсем ән, күмбірлеген күй кернеді

Ауыл - қазақтың қазыналы ордасы, қадір тұтар қазығы. Салт - дәстүріміз бен өнеріміздің өзіндік нақышымен сапасын сақтап отырған, түтінін түзу ұшырған алтын бесік ауыл екенін ешкім жоққа шығармас.
 Жамбыл облысының 85 жылдығына орай аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің ұйытқы болуымен "Ауыл кеші көңілді” атты ауылдық округтердің мәдениет күндерін Диқан мен Түймекент ауылдық округтері жалғастырды.
Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев атындағы саябаққа ағылған жұрт әуелі “Көш керуенін” тамашалады. Көштің  басшысы белгілі айтыскер ақын Ертай Тазабеков домбырамен  жырдан шашу шашса, соңынан желмен жарысқан  тұлпарларды ауыздықтаған қарулы жігіттер, «көштің сәні келмейді, түйесі жоқ» деп ақын-сазгер  Кенен Әзірбаев айтқандай, маң-маң басқан түйелер жұртшылықтың назарын бірден аударды. Оларға іргелес саят құстарын қолына қондырған бүркітші, бар жақсысын киініп, әшекей бұйымдарын тағынған ақжаулықты аналар, бозбалар мен бойжеткендер халқымыздың “Сусамыр елдің жайлауы-ай! “ әнін әуелете шырқап, межелі жерге келіп аялдады. Жол-жөнекей түймекенттік жас домбырашылар Құрманғазының “Балбырауын” күйін күмбірлете тартып, Сарыкемер аспанын күйге бөлеп жатты. 
Жартылай тігілген киіз үй ішінде диқандықтар “Құрсақ шашу” рәсімін, түймекенттіктер “Ханталапай ойынынан” көрініс көрсетіп, тың ақпараттармен бөлісті. Жас келіндер  жаңадан пісірілген ыстық бауырсақ пен таба нанды қонақтар мен көпшілікке ұсынса, ақ кимешек киген аналар  киізге түр салды. Енді бірі  күбі пісіп,  құрт жайды.  Халық әндерін  шырқай отырып, кілем тоқығандар мен құрақ көрпе тіккендер де болды. Мұнымен қатар Диқандық, мектеп оқушылары Нұрислам Тәттіқұл, Әмір Байдос, Дархан Шералы, Жәнібек Мұрат, Нұраслан Азаттың қолынан шыққан дән себетін трактор, мүмкіндігі шектеулілерге арналған су ұсынатын құрылғы,  қос ауылдық округтің қолөнер шеберлерінің туындыларына қызығушылық танытқандар қатары қалыңдай түсті.
Гір көтеріп, арқан тартысқандар, тоғызқұмалақ ойнап, белдескендер арасынанда кіл мықтылар топ жарды. Жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан құрмет көрсетіліп жатты. Салт-дәстүрлеріміз бен ұмыт болған құндылықтарымыз ұлықталды. Ұлттық тағамдардан дәм татып, спорттық ойындарды тамашалаған  қалың қауым концерттік бағдарламаны көруге асықты.
Әні-міне дегенше, қос ауылдық округтің өнерпаздары мың бұрала би билеп, әуезді әндерімен ауыл аспанын әсем ән, күмбірлеген күйге бөледі. Түймекент ауылдық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Айдын Тлебалдиеваның орындауындағы Алтынбек Қоразбаевтың “Туған жерім тамаша” әні де өнерсүйер қауымның жүрегіне жол тауып жатты. «Ел іші-өнер кеніші» дегендей, қазақ композиторлары Медеу Арынбаев, Жазира Қожағазина, Үкітай Ерниязов, Кеңес Әлімжан, Роза Әлқожа, Қуаныш Құрманбаев, Асқар Ысқақ, Әсет Бейсеуов, Ғаділбек Жанайдың туған жер, атамекен, Отан тақы­рыбына жазылған патриоттық әндерін нақышына келтіре орындайтын әншілердің өсіп келе жатқаны сүйсінтті. Дихандық жас өнерпаз Аэлита Орынбай  өзбек әні “Алма-алма дермісің”, аймантөбелік Еркежан Мырзабай  “Сенемін”,  Гүлнар Тлекеева “Қызымын елдің”, Мейірім Қажымұрат “Бозторғай ана”, Ташкент қаласында өткен халықаралық “Жарық жұлдыз” байқауының бас жүлдегері Кәусар Талғат  ағылшын әні “Dancc monkey”,  Еңлік Есберген “Атамекен”, Нұрдәулет Үсенов “Түнгі лирика” әндерін тамылжыта орындады.  Түймекент ауылынан келген Жандаулет Айтуғанов “Найзағай көңіл”,  Ботакөз Алишова “Қазағым”,  Дана Қарабай “Ботақаным”,  Гүлжан Төлегенова “Армандастар”,   Түймекент ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Саламат Молдабаев пен жас өнерпаз Айжан Шаякбар “Ханшайымым-ау”, “Қазақстаным” әндерін  әуелете шырқап, тыңдармандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.“Вивальди” би тобының орындауындағы “Мықты бол” заманауи биі көпшіліктің көңілін көтеріп тастады. 
Кеш қонақтары, эстрада жұлдызы Әділет Асанов пен Жамбыл облыстық филармониясының әншісі, Мәдениет саласының үздігі Маралбек Бабақұловтың орындауындағы әндер сахна сәнін келтірді.
Бұл күні мәре-сәре болған жұрт мың бұралған бишілер мен  қос ауылдан келген өнерпаздардың өнер­леріне дуылдата қол соқты.
Мерекелік іс-шара “Қазақстаным” әнімен қорытындыланды.

Өз тілшіміз.