"Амаnat" партиясы еліміздің жетекші саяси күші

"Амаnat" партиясы еліміздің жетекші саяси күші

“Amanat”  партиясы қазақстандықтардың көз алдында нақты істерімен жинақталған беделінің, партияның сәтті трансформациялануының және оның барлық құрылымдық бөлімшелері мен әрбір партия мүшесінің үйлесімді жұмысының заңды нәтижесі. Партияның қызметі сайлау алдындағы бағдарламада және партияның басқа да құжаттарында қойылған міндеттерді іске асыру, сондай-ақ, заңдарды әзірлеу арқылы қоғам өмірінің барлық салаларына қатысуға бағытталған.
«AMANAT» партиясы Байзақ аудандық филиалы  партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасы негізінде Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру бағытын қолдай отырып, халықпен бірге ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің үлесін қосуда.
Өткен жылы барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында аудандық мәслихат депутаттығына партияның 12 мүшесі сайланған. Олардың біреуі өз еркімен депутаттық өкілеттігін тоқтатты. Қазіргі таңда мәслихаттың депутаттық фракциясында «Аманаттан» сайланған 11 халық қалаулысы белсенділік танытып, абыройлы қызмет атқарып  жүр. Фракция жетекшісі  аудандық мәслихат депутаты Асылбек Жантаев.
Осыған дейін ауданда 12 ауылдық округіне әкімдердің баламалы сайлауында партия тарапынан 10 үміткер саяси додаға түскен. Нәтижесінде 10-ы қолдауға ие болып, ауылдық округтерге әкім болып сайланды. Атап айтқанда, Сазтерек, Мырзатай, Суханбаев, Бурыл, Ынтымақ, Түймекент, Сарыкемер, Қызыл жұлдыз, Үлгілі, Көптерек ауылдық округтерінде. Алдағы уақытта Диқан, Жаңатұрмыс, Темірбек ауылдық округтері әкімдерінің сайлауында да партия өз үміткерлерін үкілеп, бәйгеге қосқалы отыр.
Партияның  осыдан 5 жыл бұрын басталған «Жамбыл облысы тұрғындарының  табысын арттыру» қанатқақты жобасы бүгінде «Ауыл аманаты» атауына ие болған. Жоба негізінен 5 бағыттан тұрады. Олар:
1. Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану;
2. Ауладағы  мал шаруашылығын дамыту;
3. Тұрғындардың ауыл сыртындағы жерлерін тиімді пайдалану;
4. Кооперативтер құру және оларды жабдықтау;
5. Тұрғындардың жеке кәсіпкерліктерін ашу.
Жобаны қаржыландыруға аудандағы - Ынтымақ және Көптерек ауылдық округтері ұсынылған. Нәтижесі жаман емес. Осы екі округ бойынша 337 жеке кәсіпкер 3 миллиард 215 миллион теңгеге жеңілдетілген несие алды. Осы қаражатқа 9876 бас мал, 35 бірлік ауыл шаруашылығы техникалар алынып, жұмыс жүргізілуде. Тұрғындардың жеке кәсіпкерлігін ашуына арналған 325 миллион теңгеге 5 жоба жүзеге асырылды.
Қазіргі таңда ауданда 6 ауылдық округ «Ауыл аманаты» жобасына енгізіліп, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген 1091 азамат іске кірісіп кетті. Олар өздеріне берілген 5,1 миллиард теңге жеңілдетілген несиеге 27206 бас мал, 90 бірлік техника алып, жеке кәсіпкерлік ашудың 19 жобасын жүзеге асырған. Нәтижесінде жұмыссыздар саны 2,5 есеге азайып, тұрғындардың орташа табысы 2,4 есеге артып отыр.
Жобаның тиімділігі іс жүзінде дәлелденіп, алдағы уақытта Мырзатай, Темірбек, Диқан, Сазтерек ауылдық округтерін жобаға енгізу, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдіргендерді 2 миллиард 675 теңгеге қаржыландыру көзделуде.
Өткен жылы «Жол аманаты» индикаторы бойынша 11000 гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылған. Биыл 5 гектар жер қайтарылмақ. Жыл соңына дейін ол тапсырма орындалады. Қазір пайдаланылмаған егістік алқаптарын зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, 2023 жылы Сеңкібай ауылы тұрғындарының өтінішіне орай «Amanat» партиясы аудандық филиалының араласуымен 77 гектар жайылымдық жерге екі жақты меморандум жасалып, тұрғындарға пайдалануға берілген.
Партияның сайлауалды бағдарламасы халықтың өмір сүру сапасын одан әрі жақсартуға, аудан экономикасын дамытуға және өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Бағдарламаны жүзеге асырудың жол картасы дайындалып, 2027 жылға дейін атқарылатын жұмыстардың негізгі 5 бағыты бойынша 74 тармақ айқындалды.
Атап айтқанда, «Аймақ экономикасын дамыту және тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту» бағытында - 21, «Инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту» бағытында-10, «Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорттың қолжетімділігін арттыру» бағытында-31, «Әлеуметтік әлсіз топтар санатындағы азаматтар мен жастарды қолдау»  бағытында-9, «Экологиялық жағдайды жақсарту шараларын күшейту»  бағытында -3 тармақ. Осынау жол картасындағы тармақтардың 59 гектары биыл атқарылуға тиіс, қалғаны келесі жылға жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың 5 айында 11 тармақ орындалған. Мысалы, 17,4 мың гектар болуға тиіс суармалы жер алаңы бүгінгі таңда 28 мың гектарды құрап отыр. Ауыл шаруашылығында егіншілікке жоғары сапалы тұқым сатып алуды субсидиялау 112 пайызға орындалып, көктемгі дала жұмыстарына қажетті 2214,5 тонна тұқым артығымен дайындалған. Себілген тұқымның 331 тоннасы-бірінші, 934 тоннасы-екінші, 882 тоннасы-үшінші репродукцияға жатады, бірінші ұрпақта будан 68 тонна.
Аудан шаруалары облыс және аудан орталықтарында бағаны тұрақтандыру мақсатында өткізіліп жатқан ауылшаруашылығы тауарлары жәрмеңкелеріне тұрақты қатысып жүр. Бүгінге дейін олар осындай 15 жәрмеңкенің ұйымшылдықпен өтуіне атсалысты.
Шағын және орта бизнеспен айналысушылар 2024 жылы тиісінше 5 мың бірлікті құрауы керек болса, кәсіпкерлер саны 9,7 мың адамға жетіп отыр. Бұл экономиканы арттырудың ең тиімді жолы шағын және орта бизнестің арта түскенін аңғартса керек.
Ауданда Базарбай ауылындағы Пушкин атындағы мектепке жапсарлас құрылыс жүргізу жоспарланған. Бүгінде спорт зал, асхана және 4 оқу бөлмелерінің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілген.
Облыста балалар мен жасөспірімдердің дене дайындығы клубтарын көбейту мақсатындағы жоспарға сәйкес аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі жанынан «Балалар мен жасөспірімдердің дене дайындығы клубы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі ашылды.
«Amanat-тың» сайлауалды бағдарламасында шешім табуы қиын мәселелердің бірі - қоғамның әлеуметтік осал топтарына жататын көпбалалы және жалғызбасты аналар мен әскерилерді баспанамен қамтамасыз ету болатын. Осындай санаттағы адамдарға жалға беруге арналған 4 тұрғын үйдің құрылысы толық бітті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елдімекендерді көріктендіру, көгеріштендіру және абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Ол іске қоқыстар мен қалдықтарды жинау, оларға арналған контейнер-жәшіктер орнату жатады. Көшелерді жарықтандыру, ауылдық округтерді спорт нұсқаушыларымен қамтамасыз ету де атқарылған игі істер қатарында. Біз жүзеге асырылған бұл жұмыстарға тоқмейілсіп отырған жоқпыз. Бірақ, көпшілік құлағдар болуы үшін айтқан ләзім.
Білім саласы бойынша 2023 жылы Сарыкемер ауылында бастау алған үлкен жобаны биыл аяқтау жоспарланып отыр. Ол-600 оқушыға арналған «Жайлы мектеп» құрылысы нысанының дер кезінде пайдалануға берілуін қамтамасыз ету мақсатында 2,7 миллиард теңге қарастырылған.
Біз аудан аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына партиялық бақылау жүргіземіз. Айталық Сарыбарақ пен Аққияда жүргізіліп жатқан мектеп құрылыстарына (мердігерлері-«ҚазМұнай Құрылыс», «ТаразҚұрылыс Инвест» ЖШС-і) партиялық бақылау бекеттерін ашуды көздеп отырмыз.
Ауданда 6 мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу көзделіп отыр. Олардың жобалық-сметалық  құжаттарын дайындауға 55,1 миллион теңге бөлініп, игерілді. Қазір Дихан тірек мектебі мен №3 орта мектептің ЖСҚ сараптамадан өткізілуде.  Сарыкемерде өткен жылы басталған, құны  350 миллион теңге тұратын Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысын биыл бітіруге мүмкіндік бар. Жұмыс қарқынды жүргізілуде.
2024 жылға тағы да 5 әлеуметтік нысан құрылысы жоспарланған. Олар-Қызыл жұлдыз, Тегістік ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар, Дихан мен Базарбайдағы фельдшерлік-акушерлік пункттер және Кеңес ауылындағы 90 орындық мәдениет үйінің құрылыстары.
Партияның сайлауалды бағдарламасында көзделген басқа да жобалардың дер кезінде жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда.
Партия филиалының бақылау комиссиясына  аудандық мәслихат депутаты Алтынбек Жамишжанов жетекшілік етуде. Бұл жерде аудандық депутаттық корпустағы фракция мүшелерінің бақылауымен нысандар бекітіліп берілгенін айтуымыз керек. Сондықтан, жер-жердегі қосындарының жұмыстары жоғарғы бақылауға лайық. Базарбайда Б.Ақбаев, Қызыл жұлдызда Ж.Нұрбаев бақылау қосындарының жұмыстарын жақсы жолға қойған.
Тұрмыс көңілді болса, еңбек өнімді, экономикалық даму адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының қалыпты болуына байланысты. Партияның «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық», «Ұлттық мұра», «Кітап-аманат», «Қарызсыз қоғам» жобалары адамдардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға, рухани байлықтарын арттыруға, қамқорлықты сезінулеріне, көңіл-күйлерін көтеруге, нарыққа бейімдеуге бағытталған. Осы жобалар бойынша жүзеге асырылған жұмыстар басылым беттерінде жиі көрініс тауып тұрады. Бұл жерде ешқандай мақтангершілік жоқ. Мақсат-жариялылық, озат тәжірибені ортақ қазынаға айналдыру.
«Amanat» партиясы атына сай өзіне жүктелген міндетке, адамдар аманатына адалдықпен қызмет атқаруда. Адамдар кез келген мәселе бойынша партияның көмегіне жүгіне алады. Онда оң шешімін тапқан мәселелер көп.
Партия филиалында «Қоғамдық қабылдау» кабинеті жұмыс істейді. Қабылдауды аудан әкімі, оның орынбасарлары, аппарат қызметкерлері мен бөлім басшылары, сондай-ақ, фракция мүшелері белгіленген кесте бойынша жасайды. Қабылдау нәтижесінің жариялылығы да ескерілген. Ақпарат әлеуметтік желіге  жүктеледі. БАҚ-та жарияланып тұрады.
Мысалы, былтыр 190-нан астам өтініш  қабылданып, оның 65 пайызы, биыл осы уақытқа дейін түскен 128 өтініштің 70 пайызы қанағаттандырылған, 58-іне түсініктеме берілген.
Бір сөзбен айтқанда, «Amanat» партиясының аудандық филиалы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, алға қойылған мақсаттың орындалуына, ауқымды істердің жүзеге асырылуына өз үлесін қоса беретін болады.

Индира СПАНАЛИЕВА,
«Amanat» партиясы Байзақ аудандық филиалының төрағасы.