
Осындай тақырыппен «АМАNАТ» партиясы Байзақ аудандық филиалының «Кitap-Аmanat» орталығында халық ақыны, жырау, әнші және композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толуына арналған әдеби - сазды кеш болып өтті.
Партия аудандық филиалының қолдауымен Байзақ аудандық орталық кітапханасы және К.Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінің бірлесе ұйымдастыруымен өткен кеште Кенен Әзірбаевтың өміржолы мен өнер жолына кеңінен шолу жасалды. Жер жәннаты Жетісу өңірінен ел-жұртқа атағы жайылған майталман ақындар мен жыршылар аз емес. Олардың ішінде, өздері куә болған өмір шындығын, еңбекші бұқараның ой-арманын жырлап, халық құрметіне бөленген Сүйінбай мен Жамбылдың дәстүрін жалғастырғандардың бірі Кенен Әзірбаев екеніне маңыз берілді.
Кенен Әзірбаев 1884 жылы қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданы Мәтібұлақ ауылында туған. Әкесі – Әзірбай, анасы – Ұлдар. Дулат тайпасының жаныс руынан. Кенен 10 жасында қолына домбыра алып ән салған. 11 жасында тұңғыш әні "Ри, қойым", 13 жасында "Бозторғай" әнін шығарды. Бұл ән халықты елең еткізіп, Кенен есімі кең тарай бастайды. Бала Кенен қазақ-қырғызға мәлім болып, "Боз даланың бозторғайы" атанды. Ақынның бозбала шағында дүниеге келген «Көкшолақ» әні Кененнің даңқын арттыра түсті.
Кеш барысында әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің әншілері мен К.Әзірбаев атындағы саз мектебінің өнерпаздары Кенен Әзірбаевтың шығармаларын орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Артына өлмес із қалдырған Кенен Әзірбаев халқымыз ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қазыналарын, бүгінгі өмірмен ұштастыра білген. Боз даланың бозторғайы атанған әнші Кенен өз ғұмырында 100 астам ән шығарып, оның өлеңдерін өзі жазып, оған қоса асқан шеберлікпен орындай білген дарын иесі. Ақынның артында мыңдаған өлең жолдары, жеті күйі және тарихи тұлғалар жайлы жазғандары қазірде халық игілігіне айналып отыр.