
Аудан орталығындағы Ақәділ Суханбаев атындағы саябақта Балаларды қорғау күніне орай, аудан әкімдігі ішкі саясат және білім бөлімдерінің ұйытқы болуымен “Бақытты балалық шақ” атты шара өтті.
Саябаққа немересін ерткен ата-әжелермен қатар ауыл тұрғындары көп жиналды. Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов жиналғандарды және бүлдіршіндерді айтулы күнмен құттықтап, игі тілегін білдірді.
-Ауданымыздағы 57 мектепке дейінгі мекемелерде 5071 бала тәрбиеленіп жатыр. Соның ішінде «Балдырған», «Гүлсім», «Балауса», «Бәйтерек», «Нұрали» балабақшаларының тәрбиеленушілері Мария Кравчук, Бектұрсын Ханиф, Санжар Сейітжан, Асылзат Батырқұл, Мариям Қырықбай сынды бүлдіршіндер аудандық, облыстық, республикалық түрлі байқауларда жүлдегер атанды.Ал биылғы жылы аудан бойынша 44 орта мектеп пен 1 жекеменшік білім ордасында 22373 оқушы білім алып, олардың 1035-ы үлкен өмірге жолдама алды. Ауданымызда жігерлі, білімге құштар, талантты жасөспірімдер көп. Жас спортшылар: Сарыкемер мектеп-гимназиясының оқушысы Ақжүрек Қалабай бокстан, Қостөбе орта мектебінің оқушысы Бибіжан Әжіғұл армрестлингтен дүбірлі додада жеңімпаз атанды. Осындай мықты жас спортшыларымызға қарап, бүлдіршіндер бой түзейді.
Қымбатты балалар! Сіздерге мықты денсаулық, бейбіт өмір, бақытты балалық шақ тілеймін. Жазғы демалыстарыңыздың қызықты өтуіне шын жүректен тілектестігімді білдіремін”,- деді Рүстем Қалмұхамбетұлы.
Бұдан соң жиналған көпшілік қосымша білім беру мекемелерінің концерттік бағдарламасын тамашалады. Өнерпаз балалар Отан, туған жер, бақытты балалық шақ туралы әндерді әуелете шырқаса, жас бишілер мың бұрала билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қолдауымен “Бала шоу” бағдарламасы жиналғандар назарына ұсынылды. Өрмекші, құлтемір, қоян балалармен түрлі ойындар ойнап, би билеп, көңілдерін көтерді. Демеушілер тарапынан тегін балмұздақ таратылып, танымдық ойындар ойнатылды.
Сонымен қатар, «Біз бақытты баламыз» атты тақырыпта асфальтқа, мольбертке сурет салу байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқауға 7 жастан жоғары бүлдіршіндер мен жас жеткіншектер, жалпы 50 бала қатысып, бақ сынасты. Сайыс нәтижесі бойынша асфальтқа жақсы сурет салған Бақдәулет Құрбан-бірінші, Сезім Берікқожа-екінші орынды иеленді. Үшінші орынды Ақерке Бақтиярова мен Нұржан Ертас өзара бөлісті. Мольбертке сурет салудан бас жүлдені Айша Жайлау жеңіп алды. Екінші орынды Жұлдыз Исаева иеленсе, үшінші орынды Әсемай Ауғанбаева мен Іңкәр Бақтияр өзара бөлісті.
Бұдан бөлек, ұлттық ойындар: тоғызқұмалақ, асық ату, шахматтан жарыстар ұйымдастырылды.
Балаларға көл-көсір қуаныш сыйлаған шара соңында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадина Сейтқазина топ жарған жеңімпаздарға бағалы сыйлықтарды салтанатты жағдайда табыс етті.
-Балаларды қорғау күнін жыл сайын асыға күтеміз. Биыл мереке өте жақсы өтті. Құлтемірмен бірге суретке түстік. Асфальт пен мольбертке сурет салған балалар өте талантты екен. Олардың салған суреттері қатты ұнады. Жеңімпаздарға берілген жүлделер бізді де, ата-аналарды да тәнті етті. Ұйымдастырушыларға айтар алғысымыз шексіз,-деді сарыкемерлік Ажар Мұса.
Қуанышты жүздер, көтеріңкі көңіл-күй, балалардың риясыз күлкісі, көңілді билер, сүйікті әндер, ертегі кейіпкерлерімен ашық ойындар балалардың жадында ұмытылмас әсерлер қалдырды.
Өз тілшіміз.
Сарыкемер ауылы.