Ғасыр жасаған жауынгер

Ғасыр жасаған жауынгер

 

Ұлы Отан соғысы адамзат тарихындағы қантөгісі мен сұрапыл қатыгездігі жағынан ел есінде өшпестей із қалдырды. Соғысқа Жамбыл облысынан 100 мыңға жуық азамат қатысса, олардың 3341-і біздің ауданымыздан аттанған екен. Біздің жерлестеріміз сұрапыл соғыста жанқиярлық пен ерліктің үлгісін көрсетіп, 1360-ы елге аман-есен оралды. Енді міне солардың ішінен ертеңгі 9 мамыр - Жеңіс күні мерекесін атап өту жалғыз ғана Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Жетібай  ауылында тұратын еңбек және соғыс ардагері Мамыралиев Рахымжан ағаға ғана бұйырғалы отыр.
Рахымжан Мамыралиев 1925 жылы 25 қаңтарда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл колхозында дүниеге келген. 1943 жылдың қаңтарында өз қатарластарымен бірге Жамбыл аудандық әскери комиссариатынан соғысқа аттанады. Оқ пен оттың ортасында жүрген жауынгер Приморск өлкесі мен Ворошилов қаласын азат етуге қатысады. Басқа да ұрыс алаңдарында болған. Тілерсектен саз кешіп, мұз жастанған жауынгердің Жеңісті жақындатуға қосқан үлесі көп. Жапон соғысына да қатысып, Маньчжурияда, Корея Республикасының Сеул қаласында соғысты аяқтаған. Соғыста орудие командирі болған сержант Р.Мамыралиев көрсеткен ерлігі үшін “Еңбек Қызыл Ту”, ІІ дәрежелі “Отан соғысы” ордендері, «Еңбек ардагері», басқада бірнеше медальдармен марапатталған.
Рахымжан аға соғыстан елге 1951 жылдың қарашасында оралады. Бұл кез соғыстың салған зардабынан ел есін енді-енді жинай бастаған кезі еді. Елге келісімен «Ақдала», «Бірлесу еңбек» колхоздарында есепші,  Байзақ ауданына қарасты “Фрунзе” колхозындағы сүт комбинатының сеператор бөлімінде жұмыс істеп, 1985 жылы абыроймен зейнетке шықты.
2007 жылы өмірден өткен зайыбы Күлимат Мамыралиева екеуі еңбек ете жүріп, 7 ұл, 2 қызды тәрбиелеп өсірді. Олардан бірнеше немере, шөбере сүйді. Бүгінде 99 жасқа толып, 100-ге қадам басқан қария кіші ұлы Сапардың қолында тұрады. Сапар мен келіні Нұризат әкелерінің бар жағдайларын жасап отыр.
Рахымжан қария қартайғанына қарамастан әлі де болса тың көрінеді. Құлағының ауырлау естігені мен көздің көру қабілетінің төмендегеніне қарамастан балдақты пайдалана отырып, сыртқа өзі кіріп, шығады. Бір мезгіл аулаға шығып, таза ауамен тыныстағанды жақсы көреді.
-Мұндай алапат соғыс енді ешқашан болмасын. Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын. Бала, немерелеріміз бейбіт күнде өмір сүрсін,-дейді қарт жауынгер.
Иә, ауданымыздағы соғыстың соңғы сарбазы, ғасыр жасаған қарт жауынгер Рахымжан ағамыздың айтып отырған бұл тілегіне бізде қосыламыз. Ал ағамызды Ұлы Жеңістің 79 жылдығы мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасы амандығын тілейміз.

Сүндетулла Әбілов,
Жетібай ауылы.